Қоғамның әлеуметтік әл-ауқаты — осы салада табанды еңбек етіп жүрген мамандардың күнделікті жанқияр еңбегінің нәтижесі. Солардың бірі — Махамбет аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшы орынбасары Әлия Сарсенбайқызы Сейілова.
Ол отыз жылға жуық уақытын халыққа қызмет етуге арнап, әлеуметтік салада адал еңбегімен танылып келе жатқан білікті маман. Әлия Сарсенбайқызы бұл салада 1996 жылдан бері үздіксіз еңбек етіп келеді. Осы уақыт аралығында ол мыңдаған тұрғынның тағдырына бейжай қарамай, көмекке мұқтаж жандардың мұң-мұқтажын тыңдап, нақты шешім табуға ұмтылып келеді. Әлеуметтік сала — тек құжат пен есеп емес, бұл — адам тағдыры, адамның үміті мен сенімі. Осы жауапкершілікті терең түсінетін маман ретінде Әлия Сейілова әрбір өтініш иесіне жанашырлықпен қарайды. Маман кәсіби білімін де үнемі жетілдіріп келеді. Ол Атырау агротехникалық колледжін «бухгалтер» мамандығы бойынша тәмамдаса, кейін «Еуразия» Батыс Қазақстан менеджмент және тілдер институтында «экономист-менеджер» біліктілігін алған. Бұл білім мен тәжірибе оның қызметтік міндеттерін сапалы атқаруына берік негіз болды.
Қазіргі таңда Әлия Сарсенбайқызы Махамбет аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде басшының орынбасары қызметін атқарып, бөлім жұмысының үйлесімді жүруіне жауапты. Бөлім басшысы болмаған жағдайда оның міндетін де абыроймен атқарып келеді. Қызмет барысында бастамашылдығы жоғары, шұғыл шешім қабылдай алатын, тапсырманы уақытылы әрі тиянақты орындайтын маман ретінде әріптестерінің құрметіне ие. Ол ауданның қоғамдық өміріне де белсене араласады. Әсіресе, халықтың әлеуметтік осал топтарымен — көпбалалы отбасылармен, мүмкіндігі шектеулі жандармен, жалғызбасты қарттармен тығыз байланыс орнатып, олардың мәселесіне бейжай қарамайды. Әлеуметтік қолдау көрсету барысында заң талаптарын ғана емес, адамгершілік қағидаттарды да басшылыққа алады. Жуырда өткен салтанатты шарада Әлия Сейілова көпжылдық адал еңбегі және 50 жас мерейтойына орай ауданның ең жоғары марапаты — «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Бұл — оның отыз жылға жуық уақыттағы тынымсыз еңбегінің лайықты бағасы.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ



