Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

САЛА АРДАГЕРІНЕ ҚҰРМЕТ

Миялы спорт кешенінде ауданның 80 жылдық мерейтойы аясында ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні және жергілікті мәслихаттың құрылғанына 30 жыл толуына орай Қазақстан Республикасының Құрметті депутаты, аудандық мәслихаттың І- ІV шақырылымының депутаты, ауыл шаруашылығы саласының ардагері, ауданның Құрметті азаматы Оңғар Жанықұлов атындағы волейболдан аудандық турнир өтті.

Тасшағыл ауылында 1946 жылдың 8 қыркүйегінде дүниеге келген Оңғар Жанықұлов Тасшағыл сегізжылдық және Қаракөл орта мектебінде білім алды. Мектеп бітірген соң Абай атындағы кеңшарда көмекші шопан, механизатор болып еңбек етті. Кеңшардың жолдамасымен 1966 жылы Алматы зоотехникалық мал дәрігерлік институтына оқуға түсіп, зоотехник мамандығын алған ол Абай атындағы кеңшарда ферма зоотехнигі, кеңшар комсомол комитетінің секретары, кеңшардың бас зоотехнигі, аудандық партия комитетінде нұсқаушысы, Жангелдин атындағы кеңшардың партком хатшысы, Комсомол кеңшарының бас зоотехнигі, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, Тасшағыл кеңшарының директоры болды. Кеңшарлар тарағанда «Тасшағыл» өндірістік кооперативі құрылып, төрағасы болып сайланады. Сол жылдары өндірістік кооперативте 200-ге жуық жұмыс орны ашылып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтыды.

Бүгінгі таңда шаруашылықта 350 бас мүйізді ірі қара, 210 бас жылқы, 250 бас қой-ешкі малы бар. Өндірістік кооператив тарапынан ауылдың әлеуметтік жағдайына қамқорлықты тұрақты жасап келе жатқан Оңғар Серікұлы жыл сайын 10-15 отбасының малына шөпті тегін түсіріп берсе, жағдайы төмен отбасыларға 850 000 теңге көлемінде қаржылай көмектеседі. Ауылдың экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында өз қаражатына «Арал-Бәйтік» қорын құрды.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқаны үшін мемлекет тарапынан еңбегі бағаланып «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек даңқы», «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» және басқа да медальдармен марапатталып, Қазақстан маслихаттарының Құрметті депутаты және ауданның Құрметті азаматы атағын иеленді. Турнирдің ашылу салтанатында құттықтау тілегін білдірген аудан әкімі Қанат Әзмұханов:

– Бүгінгі волейбол жарысының ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңында өткізілуі кездейсоқтық емес. Өйткені, Оңғар Серікұлы бүкіл саналы ғұмырын, білімі мен қабілетін Қызылқоға өлкесінің өркендеуіне, соның ішінде ауыл шаруашылығының дамуына қалтқысыз арнаған жан. Ол қай істің тұтқасын ұстап, қандай жоғары қызметтер атқарса да, адал да нәтижелі еңбегімен танылды. Сондықтан да, ауданымыздың өркендеуіне бүкіл саналы ғұмырын арнаған Оңғар ағамыздың қалдырған ізін өскелең ұрпақ білуі тиіс. Кәсіби мереке құтты, ісіміз нәтижелі, болашағымыз жарқын болсын! Жарысқа қатысушы спортшыларға сәттілік тілеймін! - деді.

Сондай-ақ, салтанатты шарада ауыл шаруашылығы саласының ардагері Оңғар Жанықұлов пен аудандық мәслихат депутаты Сайлаубек Темірғалиев мерекелік лебіздерін білдіріп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Сайысқа қатысқан сегіз команда екі топқа бөлініп, сынға түсті. Алғашқы ойын Көздіғара мен Мұқыр ауылдық округтері арасында өтіп, 2:0 (36:24, 25:20) есебімен мұқырлықтардың пайдасына шешілді. Бұдан әрі командалар арасында өткен ойын өте тартысты өтті. Екі топтың арасындағы ойынның қорытындысымен жартылай финалға төрт команда шығып, ақтық сында кездескен Сағыз бен Тасшағыл ауылдық округі командалары арасындағы ойынның нәтижесінде сағыздықтарды 2:0 (25:9, 25:21) есебімен ұтқан Тасшағыл ауылының командасы І орынды жеңіп алса, Сағыз ауылдық округінің командасы екінші орынды иеленді. Ал, үшінші орын үшін болған шиеліністі ойында Миялы ауылының командасы көздіғаралықтардан басым түсті. Жарыстың «Үздік ойыншысы» атағын миялылық Бексұлтан Жәнібекұлы иеленді. Турнир соңында ұйымдастырушылар жеңімпаз-жүлдегерлердідиплом, медаль және қаржылай сыйлықпен марапаттады.

Бауыржан ОҚАС

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT