"Бүгін, аудан әкімінің орынбасары Ерболат Иғали мен Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, подполковник Демеуберген Ратбек көрші Ақтөбе облысының Ойыл ауданына іссапармен барды. Сапардың басты мақсаты – Ойыл өзеніндегі су деңгейін бақылау және жағдайдың тұрақтылығына көз жеткізу."деп хабарлайды Қызылқоға ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
Ойыл аудандық төтенше жағдайлар қызметінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта өзендегі су мөлшері өткен жылмен салыстырғанда төмен, қауіп әзірге жоқ. Су өз арнасымен бірқалыпты ағып жатыр. Дегенмен, мамандар табиғаттың тосын мінезін ескеріп, сақтық шараларын күшейтіп, ахуалды тәулік бойы бақылауда ұстап отыр. Іссапар барысында, Ойыл ауданына қарасты Құрман және Шұбарши елдімекендеріне арнайы ат басын бұрды. Мұнда олар өзеннің қазіргі жағдайын көзбен көріп, арнаның жай-күйін жіті танысты. Жауапты органдар кез келген ықтимал өзгерістерге дайын болу мақсатында қажетті шараларды қолға алуда.
Өзен бойындағы жағдай тұрақты болғанымен, су тасқыны қаупін болдырмау үшін бақылау жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Мамандардың айтуынша, аудан үстімен өтіп жатқан Ойыл өзенінің деңгейі 2,5 метрге дейін көтерілгенімен, өз арнасымен ағып келуде. Алайда, табиғаттың тосын мінезіне дайын болу үшін жергілікті билік, төтенше жағдайлар қызметі мен әскери бөлім сарбаздары бірігіп, сақтық шараларын күшейтіп жатыр. Миялы ауылының іргесіндегі «Кенен» көпірі маңында Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің (ТЖД) командалық-штабтық машинасы 24/7 режимінде бақылау жүргізуде. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының №5546 әскери бөлімінен арнайы 60 жауынгер мен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 34 маманы жұмылдырылып, өзен жағалауын бекіту жұмыстарын қолға алды. Сарбаздар мен төтенше жағдай қызметкерлері бүгінгі күнге дейін 11 930 қапқа құм толтырып, жаға бекіту жұмыстарын ұйымдастыруда. Бұл бағыттағы жұмыстар күнделікті қатаң бақылауда ұсталып, су деңгейіне тұрақты мониторинг жүргізілуде.
Сатыбалды САҒЫМПАЗОВ