Жақында Миялы ауылында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің «Дала өрттерін, сондай-ақ мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендерде өрттерді сөндіру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес және аудан әкімінің «Қызылқоға ауданы аумағында 2024 жылғы өрт қауіпті маусымында орман және дала өрттерінің, сондай-ақ ұйымдар мен елді мекендердегі өрттердің алдын алу және оларды сөндіру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру жөнінде оқу-жаттығу» жоспарын орындау бағытында оқу-жаттығу жиыны өтті.
Миялы ауылының оңтүстік-шығыс бағытында ұйымдастырылған шарада аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев дала өртін сөндіру жұмыстарына қатысатын күштік құрылымдардың дайындығын тексерді. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау капитаны Бақтыбек Төлегеновтің айтуынша, оқу-жаттығу жиынына азаматтық қорғау қызметтері мен жедел мән беру отрядының құрамы, Миялы, Жангелдин ауылдық округтерінің ерікті өрт сөндіру жасақтары және №10 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушілері қатысып отыр. Ерікті өрт сөндіружасақтары арнайы киім-кешек, өрт техникалық жарақтары (күректер, сапалақтар), мотопомпалармен толық қамтылған. Сондай-ақ, биыл №10 өрт сөндіру бөліміне жаңадан 10 дана аспалы өрт сөндіру құралы сатып алынды. Жалпы, оқу-жатығу жиынына барлығы 198 адам мен 48 техника қатысты.
Саптық тексеруден кейін күштік құрылымдар дала өртін сөндіруге жұмылдырылды. Онда жедел мән беру отрядының құрамы, ерікті өрт сөндіру жасақтары және №10 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушілері жанған отты сапалақтармен ұрып, күректермен топырақ шашып, өрт сөндіру көлігімен және аспалы өрт сөндіру құралы су шашу іс-әрекеттерін сапалы орындаса, медициналық және психологиялық қамтамасыз ету тобы өрттен зардап шеккен адамға алғашқы дәрігерлік көмек көрсетіп, іс-қимылдары мен шеберліктерін шыңдады.
Шара соңында аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев дала өртін ауыздықтауға жұдырықтай жұмылған барлық күштік құрылымға ризашылығын білдіріп, күн ысыған сайын өрт қаупінің қатері күшейіп келе жатқанын, сондықтан кез келген уақытта орын алатын төтенше жағдайға дайын болу қажеттігін қаперге берді.
Бауыржан САҚТАСЫНОВ