Таяуда «Ақсайын» мейрамханасында ауданның мүгедектігі бар балаларына арнап аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік тапсырыс негізінде «Миялы мүгедектер» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Ел болашағы – бақытты бала» атты шара өтті.
Шараны «Миялы мүгедектер» қоғамдық бірлестігінің басшысы Асылбек Мұратов ашып, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға алғысын білдірді.
Одан соң, әдемі дастарқанның көркін ашқан ерекше балалар ән айтып, мың бұрала биледі. Ал, ата-аналар болса, ұйымдастырушылар тарапына ризашылықтарын білдірді. Шара барысында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Сәнімгүл Жұбаева:
- Әр ерекше баланың көңіл күйін көтеріп, оларға таңқаларлық әсер қалдыру әрбіріміздің азаматтық борышымыз.
Ал, осындай әдемі өсіп келе жатқан балаларымыздың өнерін тамашалап, ерекше әсерге бөлендік. Осы орайда, баланы өзіне аманат еткен әр ата-анаға сіздердің қайсар мінездеріңіз, шыдамдылықтарыңыз үлгі болмақ. Берілген сынаққа мойымай, жетелеп, қабілетін ұштап жатқан апайларына алғысымыз зор, - деді.
Шара соңында, ата-аналар мен ерекше балаларға сыйлықтар үлестіріліп, естелік суретке түсті.
Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА