Иә, бірауыз сөзбен тоқтам айтып, бірауыз сөзбен шешім шығаратын дана халқымыздың тілі сөзге бай. Десек те, жастардың қоршаған ортамен араласуы, бір-бірімен сөйлесуі кемшін түсіп жатқан уақытта белең алған дебат өнерін дамыта түссек керемет емес пе?!
Осыған орай, аудандық әдістемелік орталықтың тәрбие бағыты бойынша әдіскер Толқынай Найзабекованың ұйымдастыруымен «Қазақстанның қалауы – ынтымақ пен достықта» тақырыбында оқушылар арасында дебат турнирі өтті. Оған аудан бойынша барлық мектептегі дебат топтары құрылып, қатысты. Әрине, ойын барысында, 4 тақырып бойынша пікірталас болды. Атап айтсақ, бір топ «Балаларға қандай мамандық таңдау қажеттілігін ата-аналар шешуі тиіс» деген пікір білдірсе, келесі топ «Ата-аналарда өз балаларының әлеуметтік желілердегі парақшаларына кіру мүмкіндігі болу керек» деген ойларын ортаға салды. Сонымен қатар, оқушылардың қаржылық сауаттылығын қолдау және сапалы медициналық қызмет тегін болуы тиіс деген сынды тақырыптар жан-жақты ашылады. Ойын нәтижесінде, Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназиясының «Жеті жарғы» фракциясы І орынды, Қарабау орта мектебінің «Болашақ» және Кенбай орта мектебінің «Жалын» фракциясы ІІ орынды, Тасшағыл орта мектебінің “Алтын қалам” және Сағыз орта мектебінің «Болашақ», Қаракөл орта мектебінің «Алау» фракциялары ІІІ орынды иеленді. Ал, ойында озық ойлылығымен, сөзге шеберлігімен көзге түскен Жұлдыз Әділбекқызы «Үздік спикер» номинациясына, Төлеген Омар «Мақсатты ойыншы» номинациясына ие болды.
Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА