Таяуда, Атырау қаласында IV Халықаралық "Жадыра, жас дарын!" фестиваль-конкурсы болып өтті. Онда аудан намысын қорғаған Қоныстану балалар өнер мектебінің оқушылары мен Сағыз ауылдық округі «Шұғыла» мәдениет үйі жанындағы «Айдана-ай» би ансамблінің бишілері қатысып, аудан мерейін үстем етіп оралды. Айталық, «Айдана-ай» би тобы хореография номинациясы бойынша ІІ орынды жеңіп алса, аталмыш өнер сайысына лауреат дайындағаны үшін жетекшісі Салтанат Жексемалиева арнайы дипломмен марапатталды.
- Түрлі деңгейдегі өнер сайыстарына шәкірттерін үкілеп, олжалы оралып жүрген әріптестерім бұл жолғы фестиваль-конкурсқа өз шәкірттерін жоғары деңгейде дайындап алып барып, керемет нәтижелерге қол жеткізді. Біз өнерлі, талантты балаларымызбен мақтанамыз, әр жетістігіне шынайы қуанамыз,-дейді қуанышын жасыра алмай ағынан жарылған Қоныстану балалар өнер мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алтынай Жалжанова.
Рас, қуанудың жөні жоқ емес. Қоныстану балалар өнер мектебінің оқушылары аталған фестиваль-конкурста ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жетті. Атап айтсақ, сырнай номинациясы бойынша Эльдар Орынғали, Нұрсұлтан Амандық, Ерсымбат Болаттар бірінші орынды, Мәдина Қобылан үшінші орынды иеленсе, қолөнер номинациясы бойынша Әзиза Сағи үшінші орынды, Анель Өмірбекқызы мен Жанерке Жолдас үшінші орынды иемденді. Қобыз номинациясында Сабина Беркінқызы, домбыра номинациясында дуэт Азамат Сайын мен Ерназар Қуанышбекұлы бас жүлде ие болса, жеке орындауда Азамат Сайын бірінші орынға қол жеткізді. Ал, вокал номинациясында Жанэль Жолдас бірінші орынды, Орынғали Жанэль екінші орынды еншіледі. Сонымен қатар, хореография номинациясында кіші топ бас жүлдеге, орта топ пен үлкен топ бірінші орынға қол жеткізіп, өнерлі бүлдіршіндердің өрісі кең екендігін айқын дәлелдеді. Шәкірттерінің осындай жетістікке жетуіне әлгінде айтқан Қоныстану балалар өнер мектебінің мұғалімдері Сәуле Сисенова, Әйгерім Лесова, Алтынай Жалжанова, Бекет Махмут, Бақыт Қойшығали, Әсемгүл Ахмет Әсемгүлдердің еңбегі зор. Сондықтан, олар лауреат дайындағандары үшін арнайы дипломдармен мадақталды.
Ендеше, жаңа жыл қарсаңында өнер биігінің шыңына қарай қадам басып, аудан абыройын асқақтата білген өнерлі бүлдіршіндерге "Бәрекелді!" дей отырып, жетістіктен жетістікке жете берулеріне тілектеспіз.
Ақнұр ДҮЙСЕНҒАЛИ