Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ОҚЫРМАН САНЫ ЕКІ ЕСЕГЕ АРТТЫ

Иә, күнтізбе бойынша 2023 жылды тәмамдап, жаңа 2024 жылға да қадам бастық. Бұл ретте, әр мекеме әр түрлі жетістіктерімен қуантып жатса, енді бір мекемелер жоспарлы жұмыстарының сәтті аяқталуымен шаттыққа бөленіп жататыны аян. Ал, «Қызылқоға» газеті үшін өткен жыл мерейлі белесті абыройлы атқарып шығуымен есте қалды. Олай дейтініміз, былтыр «Қызылқоға» газетінің шыға бастағанына 70 жыл толды.

Осыған орай, «Атырау-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Қызылқоға» газетінің редакциясы 70 жылдық аясында, алдыңғы аға буын бас редакторлар мен журналистердің еселі еңбегі мен өнегелі істерін жас ұрпаққа ұлағат ету мақсатында бірнеше шараны жоспарлап, бекітті. Сөйтіп, ұзақ жыл аудандық газеттің  дамуына сүбелі үлес қосқан бас редактор,  мәслихат депутаты, Т.Амандасов атындағы сыйлықтың иегері Лес Жолдиевті еске алуға арналған волейболдан облыстық журналистер арасында турнир, газеттің бас редакторы болған Қабдол Кенжеәлиев, Төлеубай Ысқақов, Ізни Нұрқасымов және ардагер журналист Жолдас Жанқуатов атындағы газет оқырмандары арасында «Қаламгер сыйлығы», ақын, публицист, ұзақ жыл аудандық «Қызылқоға», республикалық «Атамекен» газеттерінің бас редакторы қызметін атқарған Жолдығали Бақытов атындағы облыстық жас ақындар мүшәйрасы, аудан, облыс, республикаға белгілі фототілші Қайрош Қабдешев атындағы облыстық фотосуретшілер байқауы өткізіліп, өз мәресіне жетті. Газеттің 70 жылдық мерейтойы аудан орталығындағы «Арман» мәдениет үйінде «Қызылқоға» - аудан айнасы» деген тақырыпта салтанатты түрде түйінделді. Оған облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова, «Атырау-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулігі серіктестігінің директоры Жасын Біркенов, аудан әкімі Қанат Әзмұханов, мәслихат төрағасы Толқын Бейсқали, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім, мекеме басшылары, газет ардагерлері, өмірден өткен бас редакторлар мен тілшілердің ұрпақтары, аудан тұрғындары қатысып, мерейлі марапаттың куәсі болды. Бұл шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына аудан басшысы Қанат Әзмұханов бастаған Қызылқоға ауданының әкімдігі қолдау білдіріп, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен «Арман» мәдениет үйінің ұжымы зор еңбек сіңіргендігін айта кеткен жөн. Сол үшін оларға мың алғыс айтамыз. 
Әрине, газет қашанда оқырманымен көрікті болатыны ақиқат. Соңғы кезде «Барлық ақпаратты интернеттен оқып аламыз» деген сыңаржақ пікір қалыптасқалы газеттің оқырмандары төмендеп кеткені жасырын емес. Бірақ, сол оқырман санын қалай арттырамыз? Міне, осы сұраққа жауап іздеу мақсатында біздің редакцияның қызметкерлері тынымсыз еңбек етті. Әр округке жиі-жиі іс сапарларға шығып, ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін, мұң-мұқтаждарын газет арқылы жергілікті билікке жеткізді. Бөлім-мекеме қызметкерлерінің ортасында болып, қарапайым тұрғындарға «Газеттің өзі бір күндік – сөзі мың күндік. Қанша жерден интернеттен барлық ақпаратты оқып аламыз деген пікір қалыптасса да, газет сусындатқан рухани дүниенің жөні бөлек. Себебі, газет – тәрбие бесігі. Онда сұрыпталған нақты дерек қана жарық көреді» деген түсінік қалыптастырып,  үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуден жалықпады. Нәтижесінде, өткен жылдың соңғы нөмірін 1789 данамен аяқтаған «Қызылқоға» газетінің  биылғы алғашқы нөмірі 3404 данамен оқырманға жол тартып отыр. Бұл оқырман саны былтырғыдан екі есеге өсті деген сөз. Ал, оқырман санын көбейтуге  бірден-бір атсалысқан аудан әкімі Қанат Әзмұханов бастаған аудан әкімдігіне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Сондай-ақ, «Аудандық газет – әр үйге қажет» деген қағиданы берік ұстаған көптеген компания басшылары, шаруа қожалық жетекшілері, алыста жүрсе де жерлестерінің рухани сусындауына үлес қосуды ойлаған азаматтар мен азаматшалар (демеушілер мен газет жанашырларының аты-жөні жазылып арнайы беріліп отыр)   жағдайы төмен отбасылар мен оқушыларға, ардагерлерге демеуші болып,  жетпіс жыл бойы аудан айнасы болып келе жатқан басылымның төрлерінен табылуына септігін тигізді. Бұл үшін біз оларға көптен-көп рахмет айтып, шексіз ризашылығымызды білдіреміз. Бұған қоса, газет таралымын көбейту жолында редакция қызметкерлерімен бірге  тізе қосып жұмыс жасаған Асқар Ақтаев басшылық ететін аудандық Ішкі саясат, Дулат Нығметов басқаратын аудандық құрылыс, сәулет және  қала құрылысы, Кенжебек Камалиденов басшылық ететін аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімдері мен Сәндібек Өтешов бастаған аудандық «Қазпошта» байланыс торабының ұжымына алғысымыз зор. 
Жалпы, «Қызылқоға» газетінің тілшілері 2023 жылдың аяғында ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жетті. Айталық, газет тілшісі Дулат Ғұбайдуллин «Атырау-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты екі облыстық, жеті аудандық газеттің арасынан «Үздік журналист – 2023» атағына ие болса, бас редактордың орынбасары – жауапты хатшы Нұрсәуле Жауынбаева серіктестік директоры Нұрболат Елеусіновтың, тілші Әйгерім Бибозқызы аудан әкімі Қанат Әзмұхановтың Алғыс хаттарымен марапатталды. Бұл ақпарат саласында еселі еңбек сіңіріп келе жатқан жаңалық жаршыларының еселі еңбегіне көрсетілген құрмет екендігі сөзсіз. 
Биыл ауданымыздың құрылғанына – 80 жыл. Осыған орай, жаңа жобаларды қолға алып, оқырманды тағылымы мол тарихи танымдық материалдармен сусындатуды жоспарлап отырмыз. Бұдан басқа да, жаңа айдарлар ашып, оқырманмен әркез ой бөлісуді де қолға алмақпыз. 
Сайып келгенде, біз сіздерден әркез хат күтеміз оқырман. Ұсыныс-пікірлеріңізді газет бетіне жариялауға әзірміз. Ендеше, аудан айнасы әрбір үйдің төрінен табыла бергей. 
Бауыржан СИСЕНОВ,
Бас редактор  

ДЕМЕУШІЛЕР
«Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы (басшысы Қайнар Қоданов)
«НСК «МВМ CONSTRUCTION» ЖШС (директоры Мадияр Тоқтарбаев) 
«Номад Құрылыс Компаниясы» ЖШС (директоры Бауыржан Қоғабаев) 
«Компания Нұрай Строй» ЖШС (директоры Әлібек Нұрғалиев)
«БатысСтройСервис» ЖШС (директоры Айдын Бақтығожа)
«Батыс Қазақ Құрылыс» ЖШС ( директоры Әнуар Теміртас)
«Еділ строй» ЖШС (директоры Арман Назар)
«Қарасай құрылыс» ЖШС (директоры Нұрғиса Ерубаев) 
«Жаңарту» ЖШС (директоры Асан Исаев)  
«Бессары» шаруа қожалығы (төрағасы Асхат Жалдекенов)
«Нұрлы Дала» аргрофирмасы (директоры Мұрат Сарманов)
Ғалымбек Атшыбаев «Есентемір» шаруа қожалығы
Зубарзат Нұрмашева (газет жанашыры)
Бибоз Шаяхметов (газет жанашыры)
Медет Өмірзақұлы (газет жанашыры)
Амандық Сағынғалиев «Нартай» шаруа қожалығы
Орынғали Сүндетов «Бақай» шаруа қожалығы
Алмас Ғизатов «Төре» шаруа қожалығы
Санжар Тілегенов «Орынбасар» шаруа қожалығы
Қармыс Әмірсана (жеке кәсіпкер)
Саламат Ермұханов (жеке кәсіпкер)
Жанар Есенжанова (жеке кәсіпкер)
Рысгүл Хасанғалиева  (жеке кәсіпкер)
Айымгүл Тәжіғалиева (жеке кәсіпкер)
Асылбек Мұратов (жеке кәсіпкер)
Ақболат Құсанов (жеке кәсіпкер)

Айбек Бақтығалиев жеке кәсіпкер)
Нәдір Қарабалин жеке кәсіпкер)
Алтай Айтқалиев жеке кәсіпкер)
Зоя Жарылғасынова жеке кәсіпкер)
Гүлнәр Мусина жеке кәсіпкер

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT