Бүгін «Арман» мәдениет үйінде жергілікті мәслихаттардың құрылғанына 30 жыл толуына орай салтанатты жиналыс өтті. Оған аудан әкімі, көрші ауданның мәслихат төрағалары, бұрынғы, қазіргі, депутаттар мен мәслихат аппаратының ардагерлері қатысты.
Шарада алдымен аудандық мәслихаттың бүгіні мен кешегісінен сыр шертетін бейнебаян көрсетілсе, содан кейін сахнаға көтерілген аудан әкімі Қанат Әзмұханов мерейлі мерекемен құттықтап, аудандық мәслихаттың аудан өміріндегі алар орнын атап өтті.
Бұдан соң аудан басшысы аудандық мәслихат төрағасы Толқын Бейсқалимен бірге әртүрлі шақырылымдарда депутат болған Батыл Қосжанов, Гүлнәр Каримова, Ғафура Жанбосынова, Ақылбек Тәжіғұлдарға "Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы" атағын табыстады. Сонымен қатар, салтанатты шарада бір топ депутат пен аудандық мәслихат аппаратының қызметкерлері Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының, «Amanat» партиясының, Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Оқу-ағарту министрлігінің, облыс әкімінің, облыстық мәслихат төрағасының, аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Содан соң Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің Атырау облысы бойынша өкілі Амангелді Абдолов, көрші аудандардан келген мәслихат төрағалары, бірнеше шақырылымның депутаты болған Оңғар Жанықұлов, облыстық мәслихат депутаты Қайырбек Бағытжановтар құттықтау тілектерін жеткізсе, аудандық мәслихат төрағасы Толқын Бейсқали аудандық мәслихаттың IV шақырылымының депутаты Лес Жолдиев атындағы «Үздік баспа материалы» байқауына қатысқан қаламгерлер мен Абайдың қара сөздерін жатқа айтудан шәкірт дайындаған мұғалімдерді марапаттады. Шара соңында Б. Аманшин атындағы орта мектептің оқушылары мерекелік жыр лебіздерін арнады.
Дулат МӘТЖАН