Соңғы үш күннен бері буырқана тасып, аудан орталығы Миялы ауылына қауіп төндірген Ойыл өзені бүгін таңнан бастап саябырсып, қауіп бұлты сейілді.
Оған кеше «Миялы-Жангелдин» тас жолының жырылып, судың басым бөлігі жолдың екінші жағына ағып кетуі өз септігін тигізді. Алайда, кеше кешкі сағат 20:00-ден бастап тасқын су Т. Қарабалин көшесі арқылы ауылға кіре жаздады. Судың қаупін сезген төтенше жағдайға жауапты мекемелер мен ауыл тұрғындары жабыла бөгет соғу жұмыстарын кірісіп кетті. Әсіресе, ауыл жастары өте белсенді болды. 200-ге жуық ерікті 2-3 сағаттың ішінде мыңға тарта қапшыққа құм толтырып, ауылға кіргелі тұрған судың алдын бөгеді. Сондай-ақ, «Ақжол» жанармай бекетінің газ құю қазаны оқшауланып, қауіпсіз жерге шығарылды.
Күні-түні жасалған тынымсыз еңбектің нәтижесінде тасқын судың деңгейі бүгін біраз түскенін байқадық. Таң ата барып қарағанымызда ең қатты қауіп төндірген «Қарасу» бір метрге дейін төмен түссе, Т. Қарабалин көшесі мен бөгетке келіп тірелген су да кері қайтқан екен. Сонымен қатар, кеше жырылған жолдың енін су кеңейтіп 10-15 метрге дейін жетіп қалыпты. Ал, Миялы ауылына Жангелдин бағытынан келіп-кететін тұрғындарды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің моторлы қайығымен өткізуде. Осылайша, Миялы ауылына төнген қауіптің беті қайтып, ауылдық округтермен де байланыс дұрыс жолға қойылуда.
Д. БЕРІК