Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

МЕКЕМЕ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ БІР КІСІДЕЙ АТСАЛЫСТЫ

Келе жатқан тасқын судың алдын алу, ауылға су кіргізбеу мақсатында бүгін Миялы ауылындағы мекеме қызметкерлері мен еріктілер біраз жұмыс атқарды.

Атап айтқанда, аудан әкімі аппараты мен аудандық мәслихат аппараты 460 қапшыққа топырақ толтырып, өздеріне бекітілген аймақтың осал тұстарын бекітті. Бұл жұмыстарға аталмыш мекемелерден 18 қызметкер қатысты. Ал, аудандық су шаруашылығы мекемесінің 13 жұмысшысы құм салып толтырған 300 қапшығы «Бәйсеу» шағын ауданындағы кәсіпкер Т.Бекешовтің жылыжайын айналдыра қоршаған бөгеттерді нығайтуға қолданылды. Аудандық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері өздеріне бөлінген аумақта (көпір басында) күні бойы жұмыс жасаса, Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназияның 20 қызметкері ұжымға бекітілген жердегі бөгетті биіктету жұмыстарын жүргізді. Бұл жұмыстар үшін төрт «Камаз» автокөлігімен топырақ төгіліп, ол топырақ 100 қапшыққа қапталды. Топырақпен толтырылған қапшықтарды тасымалдауға ауыл азаматы Айбек Бекешов «Газель» автокөлігімен көмектесті.

Бұл жұмыстарға белсенділікпен қатысқан «Арман» мәдениет үйінің 10 қызметкері 150 қапшыққа құм толтырып, Сақал ата жақ беттегі айналма жолға тұрғызылған бөгетті биіктетті. Сондай-ақ, кәсіпкер Т.Бекешовтің газ құю бекеті маңында жұмыс жасаған аудандық №6 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің бес қызметкері 100-ге жуық қапшықты құммен толтырса, Қызылқоға балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің 15 қызметкері үш «Камаз» автокөлігімен төгілген топырақты 300 қапшыққа толтырып, ұжымға бекітілген 200 бөгеттің осал тұстарын бекітті. Өздеріне бекітілген аумақта тер төге еңбек еткен аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы мен газ мекемесінің қызметкерлері 250 қапшықты құммен толтырып, бөгетті нығайтуға күш салды.

Бұған қоса, аудандық білім бөлімінің ұжымы мен «Нұр-Шуақ», «Жасұлан» және «Балдырған» балабақшаларының да қызметкерлері күні бойы тасқын судың алдын алу үшін жасалып жатқан жұмыстарға белсенділікпен атсалысты. Осылайша, келе жатқан қауіптің алдын алу бағытындағы жұмыстарға ауылдағы мекемелер бір кісідей қатысып, ауызбіршіліктерін көрсетті.

Бауыржан САҚТАСЫНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521