Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Мәжіліс депутаты ауданымызда болды

Жақында іссапармен ауданға келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов алдымен Сағыз өзені бойын аралап, республикалық «Атырау-Ақтөбе» тас жолы бойындағы салынып жатқан көпір құрылыстарымен танысты.

Сағыз өзенін аралау барысында аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев ауыл тұрғындарының көктемде келген өр суын ысырап қылмай, тиімді пайдалану мақсатында өзен бойына заңдылыққа сәйкес бөгеттер, шлюздер орнату туралы ұсыныстары бар екендігін тілге тиек етіп, бұл бағытта жобалар жасақталып жатқанын жеткізді.

– Егер келген су соңында сорға құйып, босқа кетіп жатса арнаны бөгеу арқылы тиімді пайдалануға болады. Бірақ, бұл мәселені зерттеп, зерделеп, ешкім де зардап шекпейтіндей жобалау қажет. Сондай-ақ, Сағыз өзенінің бастауына экспедиция ұйымдастырған жөн. Ойыл өзені секілді бұл өзеннің жоғарғы жағында да заңсыз бөгеттер болуы мүмкін. Өзен бастауындағылар өздерінде су болса, сағадағыны ойламайтынын Ойыл өзенінен білдік емес пе?! - деді Парламент Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов.

Бұдан кейін Миялы ауылындағы «Арман» мәдениет үйінде санитарлық талаптарды сақтай отырып, Ойыл, Сағыз өзендерінің мәселелерін көтеріп жүрген табиғат жанашырлары, ауылдық округ әкімдері, ауыл тұрғындары, еңбек ардагерлерімен кездесу өтті.

Кездесуді ашып, жүргізген аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев:

– Ойыл өзенінің тасымауы өзен бойындағы ауылдық округтерге тікелей әсер етуде. Өйткені, өзеннің біраз жылдан бері өз деңгейінде келмеуінен жерасты суларының деңгейі түсіп, тұрғындар жаз мезгілінде ауыз су зардабын тартып отыр. Бүгінгі күні төрт ауылдық округке ауыз суды сағатпен берілуде. Аудандағы осындай өзекті мәселеге көңіл бөліп келгеніңізге тұрғындар атынан алғысымды айтамын, - деді.

Бұдан кейін сөз алған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов: – Парламент Мәжілісіне депутат болып сайланғаннан бері маған түскен 45 сауалдың бәрі бірдей түбегейлі шешілмегенмен, біраз бөлігі дұрыс шешімін тапты. Бұдан басқа жасалып жатқан заң жобаларына берген ұсыныстарымның 16-сы қабылданса, 3-уі қабылданбай, 7-уі қаралу үстінде. Өз тарапымнан Үкіметке 7 сауал жолдаған едім. Соның біріншісі – Жайық, Ойыл, Жем, Сағыз өзендерінің қазіргі жәйі туралы сауал болатын. Бұл орайда, Үкіметтің берген жауабына қанағаттанған жоқпын. Сол себепті, қандай ма бір отырыстарда, мәжілістерде бұл мәселені әлі де көтеріп, Ойыл өзені бойындағы заңсыз салынған бөгеттерді, су қоймаларын жоюға қолдан келгенше ықпал жасап жатырмын. Аталмыш өзен бойына жасаған экспедицияның қорытындысымен жинақталған мәліметтер бойынша заңсыз бөгеттерді жою туралы Атырау, Ақтөбе облысы әкімдігіне сауал жолданды. Өкінішке орай олар әлі де нақты бір іс-әрекетке барған жоқ. Сол себепті еліміздің Бас прокуратурасына Ойыл өзенінде орын алып отырған заң бұзушылықты жою туралы сауал жолдауға мәжбүр болдым. Содан кейін, бұл бағыттағы жұмыстар қозғала бастады. Өздеріңіз білетіндей өзен бойында табиғи фактордан басқа адами факторлар да бар. Соны қолдан келгенше жоюымыз қажет. Жалпы, жұмыс қолға алынды. Енді кері шегінбей, бұл мәселені сіздермен бірігіп бір тәртіпке келтіреміз, - деді.

Кездесуде сөз сөйлеген Тасшағыл ауылының тұрғыны, ауданның Құрметті азаматы Оңғар Жанықұлов Тасшағыл ауылындағы «Арал», «Бәйтік» табиғи көлдеріне көктемгі өр суын жеткізу үшін канал қазу қажет деген ұсынысын жеткізсе, сағыздық Жәнібек Аралбаев Сағыз өзені бойындағы кезінде бұзылып қалған шлюздерді қалпына келтіріп, бөгеттер тұрғызылса келген суды ысырап қылмай, үнемді пайдалануға болады деген пікірін білдірді. Ал, «Ойыл өзені» қоғамдық қорының жетекшісі Жүсіп Әбдіғали:

– Ойыл өзеніне құятын кіші өзендердің бойындағы иесіз, заңсыз бөгеттерді тез арада бұзылсын деп талап етеміз. Тиісті құжатқа сай бой көтерген көпірлер мен өткелдерде ереже мен талапқа сай су өткізгіш құралдары болсын. Арна неше түрлі табиғи кедергілер мен адами фактор салдарынан жиналған қоқыстардан тазартылсын. Сондай-ақ, коммуналдық меншікке алып жатқан бөгеттер мен өткелдер өз дәрежесінде стандартқа сай болып, су қоймаларындағы шлюздар көктемгі өр суы аққан уақытта ұстамауы тиіс. Белгілі бір мөлшерде су алынып, құзырлы органдармен қадағалансын. Бізге, яғни қоғамдық қорға тиісті орындардан рұқсат алып берсеңіз бір айдың ішінде заңсыз бөгеттерді өз күштерімізбен бұзуға дайынбыз. Бұл, қызылқоғалық табиғат жанашырларының ұсынысы, - деді. Сондай-ақ, кездесу барысында қатысушылар тарапынан басқа да ұсыныстар-пікірлер айтылып, сұрақтар қойылды. Олардың айтқандарын мұқият тыңдаған Парламент Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов айтылған ұсыныстар мен қойылған сұрақтарды облыс әкіміне, тиісті орындарға жеткізетінін, және де олардың тиісті деңгейде шешілуін қадағалайтынын жеткізді. Жиын соңында аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев қызылқоғалықтардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, олардың оң шешілуі үшін жұмыс жасайтынын айтқан Дүйсенбай Нұрбайұлына аудан тұрғындары атынан алғысын білдірді. Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT