Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

МӘНІ МЕН МАҢЫЗЫ ЗОР

Дүйсенбі күні Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Ерубаев іссапармен ауданда болып, Көздіғара ауылдық округі тұрғындарымен және «Атырау-Жарық» АҚ-ның қызметкерлерімен кездесті. Кездесуге «Ақжол» партиясы облыстық филиалының саяси жетекшісі Әбілхан Төлеуішов пен «Ақжол» партиясының мүшесі, аудандық мәслихат депутаты Қайырбек Баймұратов қатысты. «Самал» мәдениет үйінде және аталмыш мекемеде өткен жүздесуде Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясының мүшесі Серік Ерубаев 5 маусым күні өтетін республикалық референдумның маңыздылығын түсіндіріп, қабылданатын өзгерістерге түсініктеме берді.

– 1995 жылы референдум арқылы қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы төрт рет өзгеріс енгізілді. Бұл өзгерістер референдум арқылы емес Парламент Мәжілісі депутаттарының дауыс беруімен жүзеге асқан. Алдағы жексенбіде өтетін референдумда Конституциядағы 99 баптың 33-іне өзгерістер енгізіледі. Атап айтқанда, Президенттің өкілеттілігі қысқарып, Парламент пен мәслихаттардың рөлі күшейеді. Осылайша, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетігі нығаяды. Сондай-ақ, Тұңғыш Президент мәртебесіне байланысты барлық нормаларды алып тастау, Президенттің туған-туыстары жоғары лауазымдарға тағайындалмайтындығы туралы өзгерістер де бар. Және де Президент сайланған мерзімі ішінде партияға мүше болмасын деген өзгеріспен бірге әкімдер мен орынбасарлары қандай ма бір партия филиалдарын басқаруға болмайтындығы көрсетілген, - деді Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Ерубаев.

Бұған дейін Президент Сенатта 15 депутатты өзі тағайындап келсе, енді оның 5-еуін тағайындауға құқылы. Ал, Қазақстан халқы Ассамблеясының 9 мандатының енді 5-еуін тағайындайды. Ал, Мәжілістің депутаттық корпусының 30 пайызы мажоритарлық негізде сайланса, 70 пайызы партиялық тізіммен сайланады. Бұл партияның бәсекелестігін күшейтеді.
Ата Заңға енгізілетін өзгерістердің болашақта халықтың жағдайының жақсаруына оң әсер етеді. Бұл референдум арқылы тарихи шешімдер қабылданады. Сондықтан ел тағдырына бейжай қарамайтын әрбір адам өз таңдауын жасап, осы науқанға атсалысуы керек.

Кездесулерде мәжіліс депутаты Серік Ерубаев жиынға қатысушылардың жастар саясаты, жалақыны көбейту, зейнеткерлік жасты түсіру, жерасты қазба байлығына жеке адамның иелік етуі, азық-түлік бағасының қымбаттауы бағытында қойған сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ, ол Көздіғара ауылының тұрғыны, ардагер ұстаз Лиза Оразбаеваның үйінде болды. Өйткені, «Ақ жол» партиясының мүшесі, аудандық мәслихат депутаты Қайырбек Баймұратов ардагер ұстазға баспана салып берген болатын. Үй иесі келген қонақтарды жылы қарсы алып, «Ақ жол» партиясына, кәсіпкерге аналық ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, Серік Сәрсенұлы аудандық орталық ауруханада болып, оның тыныс-тіршілігімен танысты.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521