Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

«AMANAT»  партиясының жұмысшы тобы аудандарды аралады

Партияның жұмысын жандандыру мақсатында «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қуантай Бисалиев бастаған жұмысшы топ, яғни ұйымдастыру-бақылау жұмыс бөлімінің меңгерушісі Құтжан Құлмашев, саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Жасқыран Жалмұханов және партиялық бақылау инспекторы Абзал Мақсотұлы  Қызылқоға, Жылыой, Исатай, Құрманғазы, Индер, Мақат және Махамбет аудандарындағы аумақтық партия филиалдарына барып, 2023-2027 жылдарға бекітілген сайлауалды бағдарлама мен партиялық жобалардың орындалысы, партиялық бақылау бекеті орнатылған құрылыс жұмыстары, бастауыш партия ұйымдары, қабылдау бөлмелерінің жұмыстарымен танысып, әр ауданда отырыс өткізді. 

ЕЛ ИГІЛІГІНЕ ТАПСЫРЫЛҒАН НЫСАНДАР
Үгіт-насихат жұмыстары кезінде жергілікті халықтың өтінішімен жасақталған сайлауалды бағдарлама аясында облыс көлемінде былтыр және биылғы екі айда бірнеше нысан ел игілігіне тапсырылды. 
Солардың бірі – Қызылқоға ауданы, Миялы селосында былтыр желтоқсан айында ашылған Балаларды оңалту орталығы. Бұрын тар әрі ескі қызметтік үйде жұмыс жасаған аталған орталық қазір таза әрі кең ғимаратта ерекше балаларды бейімдеумен  шұғылданып отыр. Сонымен қатар, Жасқайрат ауылындағы Дене шынықтыру және сауықтыру кешені ауыл жастарының бұқаралық спортпен айналысуына үлкен мүмкіндік туғызды. 
Сайлауалды бағдарлама аясында жүзеге асқан жобаның бірі – Жасқайрат ауылындағы «Іңкәр» сүт өңдеу цехы. Ауданға іссапар барысында ата кәсіпті дамытып отырған жеке кәсіпкер Құрман Жаңабаевқа облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қуантай Бисалиев «Ауыл аманаты» жобасымен кәсібін кеңейтуге және өз өнімдерін облыс нарығына шығаруға ұсыныс жасады.
 2023 жылы «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Абдолла Идресов Махамбет ауданы, Сарытоғай ауылының тұрғындарымен кездескенде халық 6 жыл бұрын басталып, 2 мердігер мекеменің жауапсыздығы салдарынан құрылысы аяқталмай қалған мәдениет үйінің мәселесін шешуге  көмектесуді сұраған болатын. 
Абдолла Хамиұлының бастамасымен аталған мәдениет үйі «AMANAT» партиясы Махамбет аудандық филиалының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» атты сайлауалды бағдарламасына енгізілді. Сонымен қатар, жергілікті мәслихат депутаттары, фракция мүшелері, партиялық бақылау бекеттерінің,  Мәжіліс депутаттарының бақылауымен,  апта, ай сайын зерделеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін үшінші мердігер жұмысты толықтай аяқтап,  ел игілігіне тапсырды.
Аудандарға іссапармен барған жұмысшы топ аталған нысандардың жұмысымен танысып, мердігер тарапынан шикілік, қайта түзейтін жұмыстар болса, кепілдік уақытына сай әрекет етіп, уақытылы түзеп отыруға кеңес берді. 


МӘСЕЛЕНІҢ ДЕНІ – МЕРДІГЕР МЕКЕМЕЛЕРДЕ 
Сайлауалды бағдарламада бекітілген нысандардың құрылысына партиялық бақылау бекеті қойылады. Десек те, кейбірі мерзімінде аяқталмайды. Оған себеп – мердігер мекемелердің салғырттығы. Мұндай нысандар әр ауданда бар. 
Мәселен, Жылыой ауданы, Қосшағыл ауылына қарасты, Қарағай елді мекеніндегі амбулатория құрылысы аяқталғанымен, кейбір терезе шыныларын ауыстыру, сыртқы маңдайшасын орнату және ғимаратқа тиесілі аймаққа тазалық жұмыстарын қажет етіп тұр.  Жұмысшы топ тиісті орган басшыларына кемшіліктерді түзетіп, нысанды тезірек ауыл халқының игілігіне тапсыруды ұсынды. 
Партиялық бақылаудағы, бірнеше жылдан бері құрылыс жұмыстары аяқталғанымен, әлі де кемшін, толықтыру мен қайта жөндеуді қажет ететін тұстары бар нысан – Қосшағыл ауылындағы №2 орта мектеп. Арнайы топ ғимаратты аралап, тиісті органдар мен мердігер мекеме өкілдеріне  мектеп терезелерінің төсемшесін және сыртқы еңістерін жөндеу, оқушыларға арналған дәретханаларды бөлу, т.б толық аяқталмаған жұмыстарды тез арада аяқтауды, барлық мәселелерді заң шеңберінде шешуді жеткізді. 
Индер ауданына іссапары аясында жұмысшы топ Индербор кентіндегі 80 пәтерлік құрылысы тоқтап тұрған тұрғын үйге арнайы барды.  Аталған ғимараттың төбе жабындысының фермалары орнатылған, терезелері салынып, бетонды сылақтары жасалған. Тұрғын үйге дейінгі сыртқы жылу, газ, су және кәріз желілері жүргізілген. Бүгінде жобалау-сметалық құжаттамаға түзету енгізу үшін құжаттары рәсімделіп жатыр.
Партия қызметкерлері осы сапарда кенттегі Жайық өзені жағалауында былтырғы тасқын судан кейін  шөккен   850 м бөгетті қайтадан қалыпқа келтіру және нығайту бағытында желтоқсан айында басталған жұмыс барысымен де танысты.
Құрманғазы ауданына іссапары аясында РТС ауылындағы                 «Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынып жатқан білім ұясының құрылысымен танысты.  Бүгінде 600 орындық «Жайлы мектептің» төбесін жабу, биіктігі 9 метрге жуық  36х16 метрлік үлкен, 12х18 метрлік кіші спорт залдарының, көлемі 18х6, биіктігі – 8 метрлік асхана құрылысының  жұмыстары жалғасып жатыр.
 Сайлауалды бағдарламаның Жол картасы аясында аймақта жүзеге асып, құрылысы, жөндеу жұмыстары жүріп жатқан барлық нысандар толықтай пайдалануға тапсырылғанша партияның бақылауында болады.

«АУЫЛ АМАНАТЫ» - АУЫЛ ХАЛҚЫНА ҮЛКЕН ҚОЛДАУ БОЛДЫ
Мақат ауданына іссапар барысында жұмысшы топ ауданда «Ауыл аманаты» партиялық жобасы аясында жұмысын бастап, кәсібін кеңейткен екі кәсіпкерлік нысанға арнайы барды. 
Мақаттық жас кәсіпкер Ақылбек Абаев 2023 жылы «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 2,5 пайызбен 7,5 млн теңге несие рәсімдеп, жеке шаруашылығын қолға алады.  Қарауындағы сиыр малының  санын көбейтіп, бүгінде кенттен ет дүкенін ашып, сапалы ет өнімдерімен кент тұрғындарын қамтып отыр. 
Мақаттық тағы бір тұрғын Шынар Ажуова 2023 жылы «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында қаржылық сауаттылық курсын оқып, бизнес-жоспар жасақтап, «Ауыл аманаты» жобасымен жеңілдетілген 2,5 пайыздық несие алып,  заманауи үлгідегі сұлулық салонын ашқан.
 Жас кәсіпкер қазіргі таңда мақаттық 8 жұмыссыз жас маманды жұмыспен қамтып отыр. Сұлулық салоны эстетикалық талғамға сай безендіріліп, заманауи құрылғылармен жабдықталған. Ауылдың кәсіпкерлерін қолдап, ауыл-елдің әл-ауқатын арттыруға арналған жобаның жемісін көріп отырған мақаттықтар партияның бастамасына дән-риза. 
Құрманғазы ауданына іссапары аясында жұмысшы топ Құрманғазы ауылында аталған бағдарлама аясында қаржы алып, кәсібін жүргізіп отырған жеке кәсіпкер С.Сужиковтің "SSS/Stom" тіс емдеу емханасының жұмысымен танысты. Кәсіпкер 2023 жылы 2,5 пайызбен 8,6 млн теңге несие алып, тіс емханасын жаңа құрылғылармен жабдықтаған.  Бүгінде аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсетіп отырған кәсіпкер партияның қолдауына ризашылығын білдірді.
«Ауыл аманаты» бағдарламасымен Атыраудың түкпір-түкпірінде бұдан өзге бірнеше кәсіпкер қызметін атқарып, жұмысын жүргізіп отыр.

ТӘРТІП ПЕН ТАЛАП – БІРІНШІ ОРЫНДА 
Аудандардағы отырыстардың қорытындысы негізінде  «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қуантай Бисалиев  көтерілген мәселелерге байланысты бірнеше іс-шараларды, атап айтқанда әр аудандық партия филиалының Саяси кеңесі,  Саяси кеңесінің Бюросы, бастауыш партия ұйымдары, аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясы тұрғындар арасында, еңбек ұжымдары арасында  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндірме шараларын жүргізіп, олардан түскен пікірлерді партияның сайланбалы органдарында, фракция отырыстарында жете қарауға ұсынуды және туындайтын міндеттерді негізге алуды тапсырды.
Сонымен қатар, 2023-2027 жылдарға арналған Сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру бойынша Жол картасының орындалысын қатаң бақылауға алу мақсатында аудандық мәслихаттардағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракция отырысының күн тәртібінде тұрақты түрде қарап, нәтижесімен орындалмаған тармақтар бойынша жауапты тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қабылдау, депутаттық фракциясы мүшелерінің жұмысын жандандыру қажеттігін баса айтты. 
2025 жылы «Бастауыш партия ұйымы» жылы болып белгіленуіне байланысты аудандық партия филиалы мен бастауыш партия ұйымдарының арасындағы байланысты күшейту үшін диалог алаңдарын кеңейту, «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Қарызсыз қоғам» және т.б. партиялық жобаларды кеңінен насихаттау жұмыстарын жандандыру, бастауыш партия ұйымдары арасында интеллектуальды және спорттық ойындарды ұйымдастыруды, «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында әлеуметтік нысандарды бейімдеуге бақылау жасауды күшейтуді, «Бақытты отбасы» партиялық жобасы бойынша аз қамтылған және жайсыз отбасыларына жергілікті полиция қызметкерлерімен рейд жұмыстарын ұйымдастырып, психологиялық және құқықтық көмек көрсетуді және партияішілік жұмыстарды сапалы әрі уақытылы орындауды жүктеді. 
Аудандық партия филиалы жанындағы Саяси кеңес және  бастауыш партия ұйымы мүшелері мен депутаттарды белсене  жұмыс жасауға шақырды.
 Партияның жұмысы өмірдің сан-саласын қамтиды. Назарға іліккен мәселенің оң шешілуіне ықпал жасайды. Заң аясында құқықтық көмектер көрсетеді. Түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Партиялық жобалар аясында халықтың әл-ауқатын мен қаржылық, цифрлық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік береді.  Бірлескен істе береке бар демекші, мемлекеттік орандармен, қарапайым халықпен бірлесіп жұмыс жасайды. Таяқтың екі ұшы бар сынды, нәтижесінде жүзеге асқан игіліктер де көп, шикі тұстары да бар. Бүгінге дейін шешілмеген мәселелер алдағы уақытта кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады. 


Салтанат АҚТӘЖИЕВА,
«AMANAT» партиясы Атырау облыстық 
филиалы баспасөз бөлімінің қызметкері

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT