Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 80 жыл. Бұл сұрапыл соғыста қаншама жас қыршын кетіп, талай ұл-қыз әкесіз, талай ана жарсыз, талай ата-ана баласыз қалды десеңізші?! Соғыс салған жара мыңдаған ұрпақтың көз жасын көл қылғаны да ақиқат.
Елін жаудан қорғау жолында ерен ерлік көрсетіп, майданнан оралмағандардың қатарында ағайынды Қаламғали, Сәрсембай Сақтағановтар да бар. Олар Тайсойған құмының Сақтаған ашығында дүниеге келген. Руы Ысықтың Тоғызбай бөлімі, Базар тармағы, Өтеген ауылы.
1916 жылы туған Сәрсембай әскери борышын өтеп жүргенде үйіне хат жазып, "Жеңгем ұл туса атын Амангелді деп қойыңдар. Бәлкім, елге аман-есен оралармыз" деген көрінеді. Бірақ, соғыс басталып кетіп, Ленинград қаласын қорғау кезінде ерлікпен қаза табады.
- 1903 жылы туған Қаламғали атамыз сауатты, аңшы, қолынан іс келетін кісі болған. Жаңашаруа орталығындағы ауруханада шаруашылық меңгерушісі қызметін атқарып жүрген шағында соғыс басталып, 1942 жылдың қаңтарында Батыс Қазақстан облысына қарасты Тайпақ аудандық әскери комиссариаты арқылы әскерге шақырылып, оған өзінің ат шанасымен аттаныпты. 1943 жылы "Сталинград майданындағы кескілескен ұрыстан аман-есен шықтым. Келесі шайқасқа кіргелі жатырмыз" деген хатын елге жолдаған. Шамасы бұл, Орел-Курск доғасындағы майдан болса керек, содан кейін ешқандай хабар келмеген. "Ер есімі - ел есінде" деген емес пе?! Біз аталарымыздың есімін ешқашан жадымыздан шығармай, жас ұрпаққа үлгі тұтып отырамыз, - дейді ұрпақтары.
Иә, елін жаудан қорғау жолында жанын пида еткен ерлеріміздің ерлік істерін жас ұрпаққа үлгі-өнеге ету парыз. Соның бір айғағындай, жақында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы және жоғарыда айтқан майданда ерлік көрсетіп оралмаған боздақтар Қаламғали, Сәрсембай Сақтағановтарды еске алуға арналған мектеп оқушыларының арасында волейболдан аймақтық турнир болып өтті. Жас ұрпақты патриоттық сезімге тәрбиелеп, салауатты өмір салтын насихаттау. Ауданда волейбол спортын жасөспірімдер арасында танымал ету мақсатын көздеп, Жаңашаруа орта мектебінде өткізілген жарыстың ашылу салтанатында мектеп директоры Абат Рашқалиев сөз сөйлеп, сайысқа қатысушыларға сәттілік тілесе, турнир барысында әр жылдары ауыл, аудан намысын облыстық, республикалық додаларда қорғап, жеңімпаз-жүлдегерлер қатарынан көрініп жүрген оқушылар тәрбиелеп келе жатқан дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері Д.Қосдәулетов, Қ.Шмиков, А.Көбенов, Р.Қабдоловтар естелік медальмен марапатталды.
Қатысушы командаларға түскі ас беріліп, майданнан оралмаған аталардың рухына құран бағышталды. Одан кейін Қарабау, Қаракөл, Миялы, Ш.Еркінов атындағы және Жаңашаруа орта мектептерінен арнайы аймақтық турнирге келген 6-7 сынып оқушылары ала допты алақандарына ойнатып, тартысты бәсекеде шын мықтыны анықтады. Нәтижесінде, Жаңашаруа орта мектебінің оқушылары қарсылас шақ келтірмей, бірінші орынды жеңіп алса, Ш.Еркінов атындағы орта мектеп оқушылары екінші орынды еншіледі. Ал, Миялы орта мектебінің оқушылары үшінші орынды иеленді. Тартысты бәсекеде Данияр Демеуғали, Дамир Бауыржанұлы, Айболат Тамирлан, Шыңғыс Керейлер турнирдің "Үздік ойыншысы" атанды. Жеңімпаз-жүлдегерлерге аталмыш турнирді ұйымдастырушы ұрпақтары атынан кубок, медаль, дипломдармен қатар, ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ, Ж.Ізімқұлов, С.Райс, А.Амангелділер турнирдің жоғары деңгейде өтуіне атсалысып, әділ төрешілік еткендігін айта кеткен жөн. Сөйтіп, қос боздақты еске алған турнир өз мәресіне жетті.
Бауыржан АМАНҰЛЫ