Былтырғы көктем аудан жұртшылығының есінде қорқынышты түстей сақталды. Қарғын судың құрсауында қалып, үдере көшкен жұрт жан сауғалап, баспана мен туған өлкесін тастауға мәжбүр болды. Абырой болғанда, аудан халқының бірлігі мен дер кезінде жасалған жүйелі түрдегі қызмет қарғын судан сақтады. Биыл қайтпек керек? Тасқын суға қарсы қарекетіміз қандай? Ойыл ойран сала қалса, сақадай саймыз ба?
Былтыр 7 ауылдық округті аудан орталығымен байланыстырып тұрған көпірді қарғын су бұзып, қатынас қиындаған еді. Екі жыл қатарынан тасқын кезінде Миялы ауылына қауіп төнгендіктен, кіреберіс жол екі рет жырылып, жан сауғаладық. Осыны ескере келе, биыл көпір тұрғызылды. Бұл көпірдің қызметі – келген нөпір суды кедергісіз өткізу. Апат айтып келмейді, қамсыз отыруға мүлдем болмайды. Тасқынға төтеп беруге тәжірибеміз бар дегенмен босаңсуға әлі ерте. Ноғайты, Ойыл өзендері болжам бойынша 24 наурыз бен 4 сәуір аралығында тасымақ. Ал оған дайындық қалай?
Бұл сұраққа жауап аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі аудандық комиссияның кезекті отырысында табылды. Аудан әкімі Қанат Әзмұхановтың төрағалығымен өткен жиынға комиссия мүшелері, ардагерлер, аудандық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысып, көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары талқыланды. Алдымен Миялы, Жангелдин және Сағыз ауылдық округтері бойынша жүргізіліп жатқан іс-шаралар пысықталды. Бұл орайда, Миялы ауылдық округінің әкімі Амангелді Бағдаров Ойыл өзенінің бойындағы «Құмөткел» аумағында су арнасының бұзылып, ауылға қауіп төндіргенін еске салып, биыл мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін жұмыстар жасалып жатқанын мәлімдеді. Сонымен қатар, ұзындығы 8 шақырым болатын негізгі бөгет көтеріліп, қосымша 1,5 шақырымдық қорғаныс бөгеті салынған. Су тасқыны кезінде ауылды ауыз сумен қамтып отырған «Қарасу» аумағындағы 11 ұңғымаға арнайы бөгеттер тұрғызылуда. Ал «Қамыскөл» алқабындағы көл табанын тазарту жұмыстары басталған. «Бұл жұмыстарды мердігер мекеме арнайы техникамен жүргізіп жатыр» деді аталмыш округ әкімі Амангелді Бағдаров.
Сағыз ауылдық округінде Сағыз және Ноғайты өзендерінің арнасын тереңдету, жағасын бекіту жұмыстары қарқынды жүруде. Бұл ретте Сағыз ауылдық округінің әкімі Асхат Арыстанов:
– Ауыл маңында 5350 метр бөгет салынды. Ал ақпан айынан бастап Ноғайты өзенінің табанын тереңдету және 9,4 шақырымдық жағалауын бекіту жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстардың барлығы «BATYS QAZAQ QYRYLYS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тапсырылған, - деп мәлімдеді.
Жангелдин ауылдық округінде де біраз жұмыс жасалып жатқаны мәлім етілді. Жиында аудан әкімі көктемгі су тасқынының алдын алу бағытында барлық жауапты мекеме мен тиісті органдарға нақты тапсырма берді.
– Аудандық аурухана төтенше жағдайларға дайын болуы тиіс. Дәрі-дәрмек қорлары жеткілікті деңгейге дейін толтырылып, есепте тұрған тұрғындарға медициналық препараттар алдын ала қамтамасыз етілгені жөн. Ауылдық округ әкімдері су келмей тұрып, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауы тиіс. Әр істің сапалы аяқталуы қадағалану керек. Тағы бір мәселе – «Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз» тас жолының бойындағы Сағыз көпірінен бастап, Сағыз ауылына дейінгі бөгеттер тұрғызылғанымен, тығыздау жұмыстары толық жүргізілмеген. Сол олқылық ретке келтіріліп, Сағыз өзенінің арнасына өскен қамыс пен талдар тазартылу керек, – деген аудан басшысы бұл мәселенің барлығы аудан басшыларының жіті бақылауында болатынын қадап айтты.
Тасқын суға тас-түйін дайынбыз ба?
Жаға тіктелді, арна кеңіді, көпір қалпына келді. Нақты тапсырмалар беріліп, атқарылуы тиіс қызметтер кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Жауапты мамандар биыл тасқын суға қарсы жұмыстарды ерте бастады. Дайындық жұмыстары әлі де жалғасуда. Ел арасында «биыл екі есе су келеді» деген әңгіме шындыққа айналса, қарғын судың қарқынына төтеп беру оңайға соқпайтыны анық. Аудан әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және азаматтық қорғаныс бөлімінің бастығы Мақсат Төкеновтің мәлімдеуінше, аудан бойынша 24 эвакуациялық орын дайындалып, қажетті құрал-жабдықтар толық әзірленді. 66 мың дана қапшық алынып, 6 жүзу құралы, 50-ден астам арнайы техника және әр округте жеке құрам дайын.
Тасқынға қарсы биыл 796 миллион теңге бөлініп, қосымша аудандық резервтен 79 миллион теңге қарастырылған. Көршілес Ақтөбе облысымен үнемі байланыс орнатылып, өзен жағдайы тұрақты түрде бақылауға алынған. Осы орайда аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Бақтыбек Төлегенов:
– Ойыл өзеніне судың келу деңгейі бойынша «Қазгидромет» филиалымен тұрақты түрде ақпарат алмасып отырмыз. Миялы ауылының Ойыл өзені бойында гидробекеттер орнатылып, су деңгейі күн сайын бақылануда. Ақтөбе облысында күннің суық болуына және қардың қалың түсуіне байланысты Миялы ауылында су тасқынының болу қаупі бар Ойыл, Ноғайты, Сағыз өзендерінен аудан аумағында орналасқан елді мекендерге қауіп жоғары. Осыған байланысты аудан бойынша 9 ауылдық округте 50,8 шақырым бөгет тұрғызылып, Сағыз ауылындағы Ноғайты өзенінің 4 шақырым жағалауы бекітіліп, 1 шақырым өзен арнасы тазартылды. 15 наурыздан бастап өзенде су деңгейі көтерілуде. Қазіргі уақытта судың биіктігі – 90 сантиметр (ең жоғарғы нүктесі – 2,5 метр). Ал, Ноғайты өзенінің жағалауын бекіту жұмыстарына 18 арнайы техника жұмылдырылған, - деді.
Биылғы ақпан айында басталған Ойыл өзенін тазарту және тереңдету жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Өзен 12 учаскеге бөлінген, оның ішінде №3 және №4 учаскелерде 2,9 шақырым арна тазартылып, тереңдетілген. Қазіргі таңда №5 учаскеде 26 арнайы техника жұмыс жасауда. Сонымен қатар, ауданда жұмыс істеп жатқан мұнай компаниялары мен мердігерлердің 60 арнайы техникасы да су тасқынына қарсы жұмыстарға тартылған.
Мұғалжар тауынан бастау алатын Ойыл өзенінің тарихы тереңде. Бір жылдары арнасы кеуіп, көпшілікті алаңдатқан болатын. Сол кезде өзенді аман алып қалу үшін заңсыз бөгеттер бұзылып, арнасы қайта жанданды. Бұл істің басында өзенге жанашыр белсенділер, журналистер мен өлкетанушылар тұрған еді. Су – елдің ырысы, тіршілік көзі. Биылғы толассыз қарғын су алаңдатқанымен, оның игілігі де аз емес. Ендігі мақсат – бірлік танытып, тасқын суға төтеп беру. Әйтпесе, атқарылған ауқымды жұмыс, маңдай тер, көл көсір еңбек текке кетпек.
Самғат ҚАЙРАТҰЛЫ
Сіз не дейсіз?
Қызмет қарқынды жүруде
Ауданымызда көктемгі су тасқынына дайындық қарқынды жүруде. Миялы ауылы маңындағы Ойыл өзенінің арнасын тереңдету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Елді мекендерді қорғау мақсатында бөгеттер биіктетілуде, бұл жұмыстарға арнайы мердігер компания тартылған. Аталған жұмыстардың жүйелі түрде ұйымдастырылуы қуантады. Осы аптадан бастап Миялы ауылын қоршап жатқан 7,5 шақырымдық бөгетке ауылдағы мекемелер бөлініп, кезекшілік ұйымдастырылмақ. Мұның барлығы – тасқын судың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жүйелі шаралар деп толық айта аламыз. Сонымен қатар, ең маңыздысы – Миялы, Жангелдин ауылдарының тұрғындары тұтынатын ауыз су көзі – «Қарасу» жер асты тұщы су қорының су соратын ұңғымаларын қорғау мақсатында бөгет салынуда. Осындай маңызды нысандарды су тасқынынан сақтау және басқа да қауіптің алдын алу шараларын ескерсек, ауданда көктемгі тасқын суға дайындық жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілуде деуге толық негіз бар.
Қазіргі уақытта Ойыл өзенінің жоғарғы салаларында қар еріп, төменгі ағысқа құйылуда. Осыған байланысты көршілес Ақтөбе облысы, Ойыл ауданындағы өзен жағдайын бақылап отырған «Ойыл жанашырларынан» күн сайын ақпарат алынып, аудандық штабқа жеткізіліп отыр.
Есенбай НҰРОВ,
аудандық мәслихат депутаты
Берілген тапсырма
- Бөгеттердің осал тұстарын және айналма жолдағы бөгетті нығайту.
- Қамыскөлдің арнасына өскен тал мен қамысты тазарту.
- Ескі стихиялық қоқыстың айналасын бітеу.
- Мал моласының айналасын ретке келтіру.
- «Қарасу» аумағындағы су ұңғымаларының айналасына бөгет соғуды ұйымдастыру.
- «Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз» тас жолындағы су өткізгіш құбырларды мұздан және қоқыстан тазалау.
- Сағыз ауылы маңындағы Ноғайты өзеніне автокөлік көпірін салу үшін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу.
- Халықты төтенше жағдай кезінде азық-түлікпен қамтамасыз ету шараларын ұйымдастыру. Азық-түлік қорларын тексеру.
- Аққора елді мекеніндегі газ желісін бітеу.
- Ноғайты өзенінің ішімен өтетін газ желісін көшіру.