Елімізде жұмысшы мамандықтарының жаңа дәуірі басталды, яғни оған шындап бетбұрыс жасалуда. Бұған Президенттің 2025 жылды Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы да жақсы әсер еткендей.
Жалпы айтқанда Мемлекет басшысының бұл шешімі жұмысшы мамандықтарының экономикадағы маңыздылығын арттыру, еңбек нарығындағы тапшылықты жою және жастарды жұмысшы мамандықтарға тарту мақсатымен байланысты. Елімізде жұмысшы санатына әртүрлі мамандықтар кіреді. Осы қатардың ең басына автокөліктерді жөндейтін механик маман, электрик, дәнекерлеуші-слесарь, ағаштан түйін түйер шебер, кондитер, медбике, тігіншілер, т.б. жатады. Атаулы мамандықтар өндіріс, құрылыс, қызмет көрсету және ауыл шаруашылығы сияқты түрлі салаларда өте маңызды рөл атқарады.
«Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Әрі біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», деді Мемлекет басшысы. Яғни, қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануы тиіс.
Жұмысшы мамандықтар – тек ауыр еңбек емес, ол шығармашылық, жаңашылдық және даму мүмкіндігі мол сала. Алға қарай әлемдегі еңбек нарығы өзгерістерге ұшырап, жаңа талаптар туындайды. Цифрландыру мен автоматтандырудың өркендеуі көп салаларда адам еңбегін алмастыратын жаңа технологиялар мен жүйелерді әкелетіні белгілі. Бірақ бұл өзгерістердің арасында жұмысшы мамандықтардың маңызы артады.
Мәселен, Швеция мен Германияда инженерлер мен техникалық мамандардың еңбегі ең жоғары жалақымен өлшенеді. Содан соң жұмысшылардың құқықтарын қорғау – маңызды фактор. Мысалы, Канада мен Норвегияда, қызметкерлерге әлеуметтік жеңілдік қарастырылған. Оның ішінде, ақылы демалыс, медициналық қызметтерге қолжетімділік және зейнетақы жүйесі ерекше орында. Яғни, еңбек жағдайлары заңнамалық деңгейде реттеледі. Экономикалық тұрақтылық жұмыс орындарының сақталуына және жұмысшылардың өмір сүру деңгейінің жақсаруына тікелей әсер етеді. Мысалы, Жаңа Зеландияда экономиканың тұрақты дамуы мен төмен жұмыссыздық деңгейі жұмысшы мамандықтарының тартымдылығын және беделін едәуір жоғарылатады.
Дүниежүзілік экономикалық форум, ЮНЕСКО сынды халықаралық ұйымдардың зерттеулері мен рейтингтері елдердегі жұмысшы мамандықтарының бағалану деңгейін объективті түрде айқындайды. 2023 жылғы зерттеулер нәтижесінде Скандинавия елдері (Швеция, Дания, Норвегия) жұмысшы мамандықтарына ерекше мән беретін мемлекеттер қатарынан табылды.
Ал елімізде жұмысшы құқығын қорғауға арналған негізгі құжат – Еңбек кодексі. Кодекс жұмыс уақыты, демалыс, еңбек шарттары, және еңбек қауіпсіздігі секілді маңызды аспектілерді реттейді. Жұмысшылар үшін әлеуметтік қорғау жүйесі Қазақстанда бірнеше маңызды бағытты қамтиды. Олар зейнетақы қорларына міндетті түрде жарна аударады. Бұл жарналар болашақта зейнетке шыққанда тұрақты қаржылық қолдау алуға мүмкіндік береді. Жүйе әр адамның еңбек өтілі мен жинақтаған жарналарына байланысты зейнетақымен қамтамасыз етеді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі арқылы жұмысшылар сапалы медициналық қазметке қол жеткізеді.
Бұл жүйе емханаға қаралу, ауруханалардағы ем алу, диагностикалық зерттеулер мен дәрі дәрмекпен қамтамасыз етуді қамтиды, осылайша, жұмысшылардың денсаулығын қорғауды қамтамасыз етеді.
Қазақстанда жұмыссыз қалған азаматтарға жәрдемақы төлеу жүйесі жұмыс істейді. Елдегі кәсіподақтар жұмысшылардың құқықтарын қорғауда маңызды рөл атқарып, еңбек жағдайларын жақсарту, жалақыны арттыру және жұмысшылардың құқықтарын қорғауда маңызды рөл атқарып, еңбек жағдайларын жақсарту жалақыны арттыру және жұмысшылардың мүддесін қорғау бағытында белсенді қызмет атқарады. Еңбек қауіпсіздігі мен қорғауды қамтамасыз ету мақсатында арнайы мемлекеттік бағдарламалар мен стандарттар енгізілген, олардың басты мақсаты – өндірістегі жарақаттануды және зиянды әсерлерді азайту.
Елімізде кәсіби білім беру жүйесі жұмысшы мамандықтарын дамытуға бағытталған. Кәсіптік колледждер мен жоғары оқу орындары еңбек нарығының талаптарына сай мамандарды даярлауды қамтамасыз етеді. Бұл жұмысшылардың біліктілігін арттыруға және олардың бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға ықпалын тигізеді. Сонымен қатар, жұмысшы мамандықтарын қолдау мақсатында бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Мысалы, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы жұмыс орындарын ашуға және жұмыссыздық деңгейін төмендетуді көздейді. Жұмыссыздықпен күресу – ел экономикасының өркендеуіне септігі мол қозғаушы күш. Бұл қашанда ең өзекті тақырып.
Президент тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет 2025 жылы «Жұмысшы мамандықтары жылына» арналған іс-шаралар жоспарын бекітті. Құжатта енгізілген 7 бағыт пен 70 қадам жұмысшы маман даярлау мен қолдауға, техникалық және кәсіптік білім берудің тиімділігін арттыруға, еңбек құқықтарын қорғау тетіктерін дамытуға бағытталған.
Бұл мәселе Үкімет отырысында қаралып, премьер-министр Олжас Бектенов еңбек заңнамасының, еңбек жағдайлары мен қауіпсіздігінің сақталуына бақылауды күшейтудің, сондай-ақ кәсіпорындарда еңбек дауларына жол бермеу үшін алдын алу шараларын қабылдаудың маңыздылығын атап өтті. Атаулы жылдың нәтижелі болуын тапсырған Үкімет басшысы көлік саласындағы кадр тапшылығы мәселесін шешуді, ауылдарға маман тартуға жағдай жасауды, мамандарды қайта даярлауға мән беру қажеттігін атап айтып, тиісті министрліктерге тапсырма берді.
Иә қазір қоғам көзқарасы басқа, жұмысшы маманға сұраныс жоғары. Қалай айтқанда да, биыл жұмысшы мамандықтың қадірі артып, мәртебесі биіктеуге барлық жағдай жасалмақ.
Айнагүл Шакупова