Көктемгі су тасқыны қаупінің алдын алу мақсатында ауданға Төтенше жағдайлар департаментінен 34 маман және 3 арнайы техника келіп жетті. Табиғаттың тосын мінезіне қарсы тұруға дайын бұл жасақ мамандарды қиындықсыз тасымалдау үшін "Урал" вахтовкасы, "КамАЗ" командалық-штабтық машинасы, жол талғамайтын "Трэкол" көліктерімен қамтамасыз етілген.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мамандар ауданға қарасты 9 ауылдық округке бөлініп, әр елді мекенге жеке жауапты болып бекітілді. Олардың басты міндеттері - су тасқыны қаупі бар аймақтарды тәулік бойы бақылап, өзен-көлдердегі су деңгейін өлшеп, қауіпті кезеңдерді болжау. Тұрғындарды сақтық шаралары туралы құлақтандырып, қажет болған жағдайда эвакуациялау жұмыстарын ұйымдастыру. Су тасқынына қарсы шұғыл шараларды іске асыру.
- Қазіргі таңда аудандық әкімдік, төтенше жағдайлар қызметі бірлесіп, су тасқынының алдын алу шараларын күшейтуде. Тұрғындарға сақтық шараларын қатаң ұстанып, жергілікті билік пен мамандардың нұсқауларын орындау сұралады,- дейді аудан басшылары.
Бауыржан СИСЕНОВ