Осыдан үш жыл бұрын аудандағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап Миялы мен Сағыз ауылдары бойынша жартылай күндізгі стационарлық үлгідегі ұйымының күндіз болу бөлімшесі ашылған болатын.
Аудандық аурухананың екі бөлмесінде орналасқан бөлімшеде дефектолог, логопед, психолог мамандар, уқалау ем-домын жасайтын медбикелер, тәрбиешілер бар. Бөлімшеде бүгінгі күні есепте тұрған мүмкіндігі шектеулі 35 бала (Мұқыр – 3, Сағыз – 10, Тасшағыл – 3, Көздіғара – 3, Ойыл – 6, Жангелдин – 3, Миялы – 6, Тайсойған – 1) ем алып, күнделікті тұрмыстық жағдайға үйренеді. Алайда, оларды ем алуға бөлімшеге әкелу үшін көлік мәселесі қиындық тудырып жүр еді. Міне, сол олқылықтың орны жақында толды.
Айталық, мүгедек балалардың еш кедергісіз келіп, емдерін алу үшін аудан әкімінің қолдауымен Миялы ауылындағы жартылай күндізгі стационарлық үлгідегі ұйымының күндіз болу бөлімшесіне «Инватакси» көлігі берілді. Арнайы пандусы бар көлікке алты адам отыратын орындық және екі мүгедектік арба сиятын орын бар.
– Жалдамалы негізде көлік болғанымен түрлі кедергілер (көліктің бұзылуы, қаржы мәселесінің шешілмеуі, ауа райының қолайсыздығы, т.б.) кездесетіндіктен кейде ауылдық округтегі балалар уақытында емдерін ала алмай жатады. Сондықтан, бөлімше ашылғаннан бері балаларды тасымалдау үшін көлік қажеттілігі айтылып келе жатқан болатын. Миялы ауылына «Инватаксидің» берілуі көлік мәселесінің бір бағыттағы шешімін тапты. Енді осындай көлік Сағыздағы оңалту орталығына да керек, - дейді аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Болат Салықов.
Енді Тасшағыл, Көздіғара, Ойыл, Жангелдин, Миялы ауылдық округтеріндегі мүмкіндігі шектеулі балалар оңалту орталығына арнайы жабдықталған көлікпен тасымалданады.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ