Таяуда, Нұр-Сұлтан қаласында Алаш қозғалысының саяси тәжірибесін, экономикалық бағдарламасын және рухани мұрасын қазіргі Қазақстан қоғамын жаңғырту контексінде зерделеу мен насихаттау мақсатында осымен Х-шы рет «Ақ жол» партиясы ұйымдастырған «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық байқауының қорытынды кезеңі өтті.
Шараға алаштанушы ғалымдар, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев, партия өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері және БАҚ өкілдері қатысты.
Айта кетейік, байқаудың І кезеңіне еліміздің барлық облысынан 300-ге жуық ғылыми жоба түсіп, оның ішінен 40 жоба іріктеліп екінші кезеңге өткен болатын. Желтоқсан айының басында Ақтау қаласында болған байқаудың екінші кезеңінде қазылар алқасы 40 үміткердің ішінен ақтық кезеңге 13 үздік үміткерді іріктеп алған еді. Міне, сол үздік 13 үміткердің қатарынан табылған «Қызылқоға газетінің бас редакторы Бауыржан Сисенов «Алаш қозғалысының аз зерттелген және беймәлім тұстары» номинациясы бойыншажүлделі ІІІ орынды жеңіп алып, «Алаштың ақ жолы» байқауының лауреаты» төс белгісін кеудесіне жарқырата тақты. Ол бұл байқауға 1871 жылы Тайсойған құмында дүниеге келіп, кезінде Алашорда үкіметі Батыс бөлімінің араб, түрік, татар тілдерін жетік білген дін қайраткері, әмбебап ғалым Халел Досмұхамедұлының кеңесшісі болған, жазықсыздан жазықсыз жазаланған саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі, Тайсойған құмында жеке қаражатына мешіт ашқан мұхтасиб Хасан Нұрмұхамедұлының өмір деректерін зерделеген «Хасан хазірет» тақырыбында ғылыми жоба ұсынып, алаштанушы ғалымдардың алдында сәтті қорғап шықты. Осылайша, өз ғылыми жобасын Нұр-Сұлтан қаласында сәтті қорғап, «Алаштың ақ жолы» байқауының лауреаты» атанған әріптесімізге шығармашылық табыс тілейміз.
Дулат МӘТЖАН