Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай аудандық орталық кітапханада аудан ақындарының «Қыр тынысы» атты жаңа кітаптың тұсаукесері өтті.
Оған аудан әкімі, аудан әкімінің орынбасары, жергілікті ақындар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Шараны құттықтау тілекпен ашқан аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев:
– Қашанда, ерлік пен елдікті жырға қосып, әдемі тіркес, көркем сөзімен көпшілікті тәнті ете алатын ақындар қандай құрметке болсын лайық. Соның ішінде тамыры терең Қызылқоға өңірі ақындарға кенде болмаған. Кешегі Мұрат, Ығылман, Шернияздардың жалғасы іспетті болған шайырлар қазірдің өзінде ауданда жетіп артылады. Осы орайда, аудан ақындарының жыр жинағын шығару көптен көкейде жүрген мәселе болатын. Міне, бүгін соның сәті келіп отыр. Бұл аудан үшін баға жетпес құндылық, – деді. Бұдан кейін аудан басшысы ақын, сазгер Қалидолла Ізекенов екеуі салтанатты түрде кітаптың лентасын қиды.
Шара барысында кітапқа өлеңдері енген ақындар Қалидолла Ізекенов, Жайғали Өтеуғали, Шалқарбай Ізбасаров, Бағдагүл Қайыңбай, Райхан Аңдамасовалар игі тілектерін арнаса, Роза Әбілханова жыр шумағын тарту етті. Ал, мәдениет саласының үздігі Жәния Ізбасқан бұл игі істер одан әрі жалғаса беруіне тілектестігін білдірді. Шараны одан әрі «Арман» мәдениет үйінің әншісі Жұмагелді Әділ әнмен әрлеп, көпшлікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Айта кетейік, «Қыр тынысы» атты аудан ақындарының жинағы аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің ұйымдастыруымен әлеуметтік тапсырыс шеңберінде басылды. 300 данамен басылып шыққан кітапқа өздері өмірден өтсе де артына өлмейтұғын із қалдырған Жолдығали Бақытов, Аманқос Сабыров, Кәдірбай Жолаев, Мақсот Саркенжиев, Зұлқарнай Шәкиев сынды ақындармен қатар есімдері республикаға белгілі Төлеген Жаңабайұлы және жас ақындар Арман Жайықбаев, Нұрислам Құспанғалилардың да өлеңдері енгізілді. Алдағы уақытта аталмыш жинақ барлық кітапханалар мен мектептерге таратылатын болады.
Дулат БЕРІК