«Арман» мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиналыс өтті.
Ауыл тұрғындары, мекеме қызметкерлерімен басшылары қатысқан жиында алдымен ел тарихынан сыр шертетін видеоролик көрсетілді. Одан соң сахна төріне көтерілген аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев:
Тәуелсіздіктің арқасында ауданымызда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Халықтың тұрмыс сапасынжақсарту – ең басты міндетіміз болды. Егеменді ел болғалы халықты ауызсу, газ, электр желілерімен қамтуға қатысты ауқымды жобалар жүзеге асты. Аудан аумағында 724 шақырым газ желісі тартылып, табиғи газбен қамтылды. 466 шақырым ауыз су желісі тартылып, халық ауызсумен, тұрғын үй кезегінде тұрған 300-ге жуық тұрғын баспанамен қамтылды. Автокөлік жолдары салынып, жөндеуден өтті. 7 орта мектеп пен 5 мектепке дейінгі шағын мектептер салынды. Сондай-ақ, 1 аурухана, 5дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік пункт салынып, 2 спорт кешені мен 3 мектептің спорт залы ашылды. Бүгінгі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын тойлап отырған еліміздің ең биік мұраты – келешегі кемел, мақсаты айқын, бірлігі бекем, тірегі мығым ел болу. Көк байрағы желбіреген,ынтымағы мен бірлігі жарасқан еліміздің егемендігі баянды болғай, - деді.
Сондай-ақ, аудан әкімі өңірдің әлеуметтік және экономикалық дамуына өз үлесін қосып, ел игілігіне еңбек етіп жүрген 23 азаматқа «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалын табыс етсе, белсенді депутаттық қызметі және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Құрмет Грамотасымен аудандық мәслихат хатшысы Альберт Аққайнанов пен Аманбай Өміров атындағы өнер мектебінің директоры Сәндігүл Дауленова марапатталды. Ал, денсаулық, білім салаларының ардагері Самат Тайшыбай мен Өтеуғали Дүйсәлі «Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы» атағына ие болды. Бұған қоса, бір топ еңбек майталмандары Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қазақстан Фермерлері қауымдастығының «Еңбек ардагері» медалі, Құрмет Грамоталарымен мадақталды. ⠀
Салтанатты шара Қ.Ахмедияров атындағы «Нарын» халық аспаптар оркестрінің концертімен жалғасты.
Кәмшат ӘБІШ.
Суреттерді түсірген автор