Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

БАЛА - АТА-АНАНЫҢ АЙНАСЫ

Бүгін «Арман» мәдениет үйінің фоесінде аудан әкімі жанындағы әйелдер істері, отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия және «Жас интеллектуал» қоғамдық білестігінің ұйымдастыруымен «Қоғамдағы бала тәрбиесі, отбасындағы ата-ананың рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті.

Оған Атырау облыстық кәмелетке толмаған жасөспірімдерді бейімдеу орталығының және "Аналар" үйінің педагог-психологы Гүлжан Сахилақызы, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері, отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті Жастар саясаты департаментінің директоры Гүлнұр Қайырлиева, бас мамандар, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар, әкелер мен аналар кеңестерінің төрағалары, білім беру ұйымдарының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты. Шараны аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Асқар Ақтаев ашып, келген қонақтар мен дөңгелек үстелге қатысушыларға сәттілік тіледі. Дөңгелек үстелді аудан әкімі жанындағы әйелдер істері, отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Жәния Ізбасқан жүргізіп, тақырып аясына тоқталды. Ең алдымен сөз алған, Атырау облыстық кәмелетке толмаған жасөспірімдерді бейімдеу орталығы және "Аналар" үйінің педагог-психологы Гүлжан Сахилақызының айтуынша, өмірге келген уақытынан бастап, жасөспірім жасқа дейінгі баланың тәрбиесі ата-анаға тікелей байланысты. Қазақ халқында «Балаңды 6 жасқа дейін еркелет, 13 жасқа дейін құлша жұмса, керек болса аздап таяқта. Одан кейін дос бол. Барлық сатыда мейір төк, өзіңе қайтады» деп бекер айтпаса керек. Ендеше, күйбең тіршіліктің қамытын өзімізге артып, баланың іргетасының дұрыс қалануына көбірек көңіл бөлгеніміз абзал.

Ал, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері, отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті Жастар саясаты департаментінің директоры Гүлнұр Қайырлиева: «Бала тәрбиесінде ата-аналар өз уақытындағы тәрбиемен көзқарасты бүгінгі заман балаларына әкеліп тықпалаудың қажеті жоқ. Балаға мейлінші ата-аналар креативті түрде, олардың әртүрлі үйірмелерге қатыстыру арқылы әрі бос уақыттарын тиімді пайдаланып тәрбиелеу қажет. Бұл тұста, ата-анада өзін жақсы жағына тәрбиелей түсу керек. Бала – ата-ананың айнасы. Сол себепті, біз баланы тәрбиелеместен бұрын өз-өзімізді тәрбиелеуіміз тиіс» деді. Бұдан кейін аталмыш тақырып аясында аудандық орталық ауруханада жүкті және жас босанған әйелдермен кездесу өтті. Кездесу барысында, құрсақтағы баланың анамен бірге дамып, анамен бірге рухани байитыны сөз болды. Жүкті аналар өз отбасыларындағы мәселелер турасында психолог маманнан кеңес алды.

Шараны қорытындылап сөз алған аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиевтың айтуынша, ауданымызда ұлттық құндылықтарымызды насихаттау бағытындағы шаралардың кеңінен өткізілуі ұрпақ болашағы үшін зор маңызға ие.

Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT