Жангелдин ауылдық округіне қарасты «Жангелдин» мәдениет үйінде Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай «Ауған алауы жадымызда» атты кездесу кеші болып өтті. Оған ауған соғысының ардагерлері Нұрлан Сапашов пен Қаржаубай Әбілғазиев қатысты.
Кездесуде Жангелдин ауылдық округінің әкімі Амангелді Бағдаров ақжарма тілегін білдіріп, шараны ашты. Сондай-ақ, кездесу барысында Жангелдин ауылдық Аналар кеңесінің төрайымы Рысбике Нұрымқызы ізгі тілегін білдірді. Ал, оқушылар өз көкейлеріндегі сұрақтарына тұщымды жауап алды. Осы тұста, ауыл тұрғыны Бағдагүл Қайыңбай:
- Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толғанын баспасөз беттерінде жариялай отырып, еліміздің барлық жерінде ауған жауынгерлерімен кездесу кештерін өткізіп жатыр. Осыған орай Жангелдин ауылында да мекемелердің ұйымдастыруымен игі бір шара қолға алынған екен. Қуаныштымыз. Ардагерлердің соғыс кезіндегі көрген қиындықтары, өмір мен өлім арасындағы тебіреніске толы сырларын естігенде ерекше әсерде қалдық. Әрине, Ауған соғысы тарих беттерінен орын алып, өшпестей із қалдырды. Ендігі жерде халықтың тілегі «Болмасын соғыс, болмасын!» деген тілегін жеткізді.
Сонымен қатар, кездесуде «Жаса қазағым» әнін Айнамкөз Тасқынбайқызы, «Менің қазағым» әнін Нұрсипат Ізбасарова, «Туған елім, гүл елім» әнін Айдана Ижапқұлова және «Ер жеттім әке», «Ауғанстан» әндерін Хайролла Мәдиев, «Әке, ана» әнін Серікбол Ғабитұлы тамылжыта шырқады. Ал, кеш соңында кездесу кешінің кейіпкерлерінің құрдастары атынан Омар Қарабалин жүрекжарды тілегін жолдаса, шара ұйымдастырушылары арнайы сыйлықтарын табыс етіп, естелік суретке түсті.
Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА