Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

АУДАН ӘКІМІ ҚАБЫЛДАДЫ

Кеше, аудан әкімі Шымкент қаласында джиу-джитсу спортынан өткен орталық Азия чемпионатының жүлдегерлерін қабылдады.

Кіші мәжіліс залында өткен кездесуге, аудандық мәслихат төрағасы Толқын Бейсқали, аудан әкімі аппаратының басшысы Асылбек Жанқуат, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сәндібек Салықов, Қызылқоға балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Болатбек Меңдіғалиев, жастар ресурстық орталығының басшысы Ризабек Амантайұлы қатысып, жеңімпаздарды құттықтады.

Бұл ретте, аудан әкімі Қанат Әзмұханов:

  • Ауданымыздан талай таланттар, спортшылар, өнер адамдары шыққан. Бүгінде сіздер де, мектеп қабырғасында жүріп әлемге, Азия елдеріне өздеріңді мойындатып, топ жарып жүрсіздер. Мемлекет тарапынан спортқа көп көңіл бөлініп, қолдау көрсетіліп жүр. Сондай мүмкіндіктер барда, тынбай еңбектеніп, жаттығып жетістікке жете беріңіздер! Жеңісті күндеріңіз көп болсын!-деп ыстық лебізін білдіріп, жаттықтырушысы Бектұр Тынышқалиға алғыс хат пен спортшыларға естелік сыйлық табыстады.

Айта кетейік, 5 ел қатысқан орталық Азия чемпионатынан Қызылқоға балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері Ерасыл Саматұлы І орынды, Ертарғын Қоңыр ІІ орынды, Нұрсәт Арманұлы, Іңкәр Бектасқызы, Дарын Алғазылар ІІІ орынды  иеленді. Сондай-ақ, еліміздің туын биікте қалықтатып жүрген спортшыларды дайындаған  жаттықтырушы Бектұр Тынышқали да ересектер арасында бақ сынап, ІІ орынды иемденсе,  Дарын Алғазы қараша айында Грекия мемлекетінде  өтетін әлем чемпионатына жолдама алған болатын.

 

Ақнұр ДҮЙСЕНҒАЛИ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT