Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ЖАНҒА ЖЫЛУ СЫЙЛАЙТЫН "ОҢАЛТУ" ОРТАЛЫҒЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр жылғы Жолдауларында мүмкіндігі шектеулі жандардың еркін жүріп-тұруына жағдай жасау мәселесі айрықша назарға алынып келеді. Олардың қоғамға араласып, қажетті нысандарға емін-еркін кіріп шығуына қолайлы жағдай жасау – басты міндет. Осы орайда, сейсенбі күні аудан әкімі Қанат Әзмұханов, «Самұрық-Қазына Траст» корпоративтік қорының бас директоры Альфия Адиева, «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы бас директорының геология және кен орындарын игеру жөніндегі орынбасары Асқар Мұнара және мекеме, бөлім басшылары, ауыл тұрғындарының қатысуымен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

            Шарада алдымен сөз сөйлеген аудан әкімі Қанат Әзмұханов:

  • Ауданның медицина саласын дамыту мақсатында бірқатар жұмыс жасалуда. Әр жиында, кездесуде айтылатын өзекті мәселелердің бірі – оңалту орталығын ашу болатын. Осы ғимаратты «Мәтен Петролуем» компаниясы салып бергеннен кейін, ашылмастан тұрып қалды. Ауданның азаматтары, аудан әкімдігі  «Самұрық-Қазына Трастқа» ұсыныс білдіргеннен кейін қолдау  тауып, бүгін салтанатты түрде ашылғалы отыр.  Осы ретте, аудан халқының атынан «Самұрық-Қазына Траст» корпоративтік қорының бас директоры Альфия Адиеваға шын жүректен алғысымызды айтамыз. Бұл қор бұған дейін Мұқыр ауылына спорт алаңын пайдалануға беріп, қазір спорт кешенін салып жатыр. Ендігіде жастар орталығына жөндеу жұмыстарын жасамақ. Ел үшін жасаған осындай игі істеріңіз көп болсын, - деп ризашылығын білдірді.

            Бұдан соң сөз кезегі «Самұрық-Қазына Траст» корпоративтік  қорының бас директоры Альфия Адиеваға берілді. Ол: "Бұл қор елімізде әлеуметтік нысандардың ашылуына ықпал жасап келеді. Бұл біздің  41-інші оңалту орталығымыз. Бұған қоса оңалту орталығына ауыл сыртына қатынауға инватакси көлігін алып беру де ұйғарылды" деді.  Бұдан кейін "Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы бас директорының геология және кен орындарын игеру жөніндегі орынбасары Асқар Мұнара, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының директоры Алтынзер Баймұратова, ауылдың белді азаматы Райымбек Якуповтар аудан халқын құттықтап, қолдау білдіргендерге алғысын білдірді. Сондай-ақ, аудан кәсіпкерлерінің атынан "Атамекен" кәсіпкерлік палатасының директоры Алтынзер Баймұратова Райымбек Якуповқа мүмкіндігі шектеулі жанға арналған жаңа арба сыйласа, мүмкіндігі шектеулі  жан Жасұлан Жандосов пен Махамбет Серікқалиевқа ақшалай сыйлық табыс  етті.

            Шара барысында, әлгінде айтқан «Самұрық-Қазына Траст» корпоративтік қорының бас директоры Альфия Адиева Миялы мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылбек Мұратовқа инватакси көлігін табыстап, І топ мүгедегі Махамбет Серікқалиевпен оңалту орталығының лентасын қиды.

Жылына 100 мүмкіндігі шектеулі жанды қабылдай алатын оңалту орталығы заманауи үлгідегі құралдармен жасақталып, білікті мамандармен толықтырылған. Шара соңында келген қонақтар мен ауыл тұрғындарына ақ ұсынылып, дәмді дастарханнан дәм тәтті.

  • Қызым Гүлбану Мағжанова І топ мүгедегі. Осы оңалту орталығын ашады дегеннен кейін арнайы Сағыз ауылынан  келдім. Орталық барлық құралмен жабдықталған, жағдайы керемет. Көңілімізден шығып тұр. Осы орталықты ашуға атсалысқан азаматтарға алғысымды білдіремін,- дейді Сағыз ауылының тұрғыны Гүлшара Мағжанова.

            Қайырымдылық – адамзат бойындағы ұлы қасиет. Ендеше, қамқорлыққа зәру жандардың қамқоршысы болып, жанды жадыратар жылы сөз, жүрек жылуын ұсынып, ізгілік нұрын шашып, сый-сияпат көрсетіп жүрген жомрт жандар қатары көбейе берсе игі дейсің.

 

Әйгерім БИБОЗҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT