Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ЖЕЛАЯҚТАР ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен Миялы ауылында  спорттық шаралар болып өтті.

Айталық, алдымен ауылдың күншығыс бетіндегі «Арлан» газ құю бекетінен аудан әкімдігіне дейін 3000 метр қашықтықта бұқаралық жаппай жүгіру шарасы өткізілді. Оған онға жуық ауыл жастары мен ересектер қатысты. Нәтижесінде, жастар арасында мәре сызығын Мейрамбек Айтуғанов бірінші болып қиса, Төрәлі Сағатқалиұлы (екеуі де Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназияның оқушысы) екінші болып келді. Ал, Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектептің оқушысы Марғұлан Алмазұлы үшінші орынды иеленді. Сондай-ақ, ересектер арасында аудандық газ шаруашылығы мекемесінің қызметкері  Батырлан Ізмағамбетов І орынды, аудандық кәсіпкерлік палатасы атынан қатысқан Қуан Ағашин ІІ орынды жеңіп алса, Б.Аманшин атындағы орт мектептің жүйрігі Әли Әбді ынталандыру сыйлығымен марапатталды.

Бұдан кейін Миялы спорт кешенінде  кіші аяқ доптан өткен сайысқа аудан әкімдігі,  Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназия, Х.Досмұхамедұлы, Б.Аманшин атындағы орта мектептер, Қызылқоға балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, аудандық полиция, аудандық төтенше жағдайлар және №10 өрт сөндіру бөлімдері, «Атырау-Жарық» АҚ, аудандық жастар орталығы және біріккен «Қазпошта», «Қазақтелеком», газ, су шаруашылығы мекемелері қатысты. Жеребе бойынша үш топқа бөлініп, тартысқа толы  ойында өз топтарынан бірінші орын алған Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназия, Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектеп және Қызылқоға балалар-жасөспірімдер спорт мектебі командалары өзара кездесті. Ойын барысында үш команда бірін-бірі ұтып, доп айырмашылықтары бірдей болған соң жеңімпазды анықтау үшін Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектеп пен Қызылқоға балалар-жасөспірімдер спорт мектебі пенальти сериясын өткізді. Нәтижесінде, спорт мектебінің кіші аяқ допшылары 2:0 есебімен жеңіске жетсе, халелдік мұғалімдер ІІ орынды, Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназияның командасы ІІІ орынды иеленді. Жақсы ойынымен көзге түскен Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназиясы командасының футболшысы Сағат Ғазимов «Үздік ойыншы» атағын иеленді. Сондай-ақ, екі жарыстың да жеңімпаздары бөлім атынан арнайы дипломмен, медальмен марапатталды.

Бауыржан САҚТАСИНОВ 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521