Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Саяси өзгерістерге сергек көзқарас қажет

Атырау қаласындағы Абай орталығында спортшылар мен жаттықтырушыларға Конституциялық реформаларды түсіндіруге бағытталған мазмұнды кездесу өтіп, ел дамуының стратегиялық бағытына айналған конституциялық өзгерістердің мәні мен маңызы жан-жақты талқыланды.

afbb3fc0 105a 4fdd 8d11 7c609aca77d4

Кездесуді модератор, Атырау қалалық мәслихатының депутаты Аманбай Қыздарбаев ашып, Конституцияның мемлекеттің іргетасы ретіндегі рөліне тоқталды. Оның айтуынша, Ата заң – қоғам тұрақтылығы мен әділеттіліктің кепілі, ал оған енгізілетін өзгерістер – ел болашағын айқындайтын маңызды қадам.

– Бүгін біз еліміздің саяси-құқықтық дамуындағы өзекті мәселе – Конституциялық реформалар аясында бас қосып отырмыз. Бүгінгі басқосудың басты мақсаты – реформалардың мазмұнын кеңінен түсіндіру, олардың қоғам өміріне ықпалын талқылау және азаматтық белсенділікті арттыру, — деді модератор.

Жиында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің заң магистрі Дидар Айтмұханова конституциялық өзгерістердің құқықтық негізіне кәсіби талдау жасап, реформалардың заңнамалық жүйені жетілдірудегі орнына тоқталды. Ол өз сөзінде ұсынылып отырған бастамалардың құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтуға бағытталғанын атап өтті.
Ал Атырау бизнес және құқық колледжі құқықтық пәндер оқытушысы Көңілқош Құжахметов жастардың құқықтық мәдениеті мен азаматтық жауапкершілігі мәселесін көтерді. Оның пікірінше, кез келген реформаның табысты жүзеге асуы ең алдымен қоғамның құқықтық сауаттылығы мен белсенді ұстанымына байланысты. Жастардың заңға құрметі мен қоғамдық үдерістерге бейжай қарамауы – ел дамуының берік іргетасы.
Ұлттық жекпе-жектен жаттықтырушы, қалалық мәслихат депутаты Әнуарбек Батаев азаматтық белсенділік пен халық үнінің маңызына назар аударды. Ол қоғамдағы әрбір азаматтың ел болашағына бейжай қарамай, саяси-құқықтық өзгерістерге сергек көзқарас танытуы қажет екенін жеткізді.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауаптар берілді. Іс-шараның негізгі өзегі конституциялық реформалардың мазмұнын түсіндірумен қатар, азаматтардың құқықтық санасын арттыру, қоғамдық жауапкершілікті күшейту болды. Мұндай мазмұнды басқосулар қоғам мен билік арасындағы өзара түсіністікті нығайтып, елдік мүдде жолындағы ортақ көзқарастың қалыптасуына ықпал ететіні анық.

Алмас ҚАБДОЛ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT