Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

ӘКЕСІЗ ӨСКЕН ҰЛ

  «Арман» мәдениет үйінде ауыл тұрғындары С.Сматаев пен Т.Теменовтың «Көгілдір такси» мелодрамасының қойылымын тамашалады. «Халықтық» театрлары ұжымы сахналаған қойылым ауданда өтіп жатқан «Нашақорлыққа жол жоқ!» тақырыбындағы іс-шара аясында ұйымдастырылды. Мелодрама махаббатын мансапқа айырбастап, отбасын ойран еткен Қайыржан есімді жігіттің тағдыры мен Мәриям атты келіншектің өмірінен сыр шертіледі.

Жиырма жылдай уақыт бұрын жас жігіт Қайыржан сұлу бойжеткен Мәриямға ғашық болып, отбасын құруды мақат етеді. Екеуі қол ұстасып жүргенде «Көгілдір таксиге» балаларымызды мінгізіп алып ару қала Алматыны аралаймыз» деп армандайды. Бірақ, бұл армандары далада қалады. Жігіт заңгер боламын деп оқуға кетеді. Қалаға барғаннан кейін жігіт аяғы ауыр болып ауылда қалған Мәриямды министрдің қызы Клараға айырбастап, мансапқорлықтың жетегінде жүре береді. «Өмір бойы қол ұстасып бірге жүреміз» деп уәде берген жігіті келіп қалар деген үмітпен күте-күте екі көзі төрт болып, одан қалған жалғыз тұяғын қатарынан кем қылмай өсірген Мәриям небір азапты басынан өткізіп, ақыры қатерлі ісікке шалдығады. Анасының еміне қаржы іздеп, бармаған жері, баспаған тауы қалмаған әкесіз ұл Нұрбақыт ақша табудың бірден-бір жолы есірткі тасымалдау деп түсініп, оны кәсіпке айналдырады. Кезекті қылмыс үстінде қолға түскен Нұрбақытты полиция Департаментінің басшысы, полковник Қайыржан Ахатұлы тергейді.

Баласының тұтқындалғанын естіген Мәриям полиция бөлімшесіне келгенде бұрынғы өзі тастап кеткен жігітімен (полковникпен) бетпе-бет кездесіп, бұдан 19 жыл бұрынғы оқиғаны есіне алып бар шындықты айтады. Бүгінгі қылмыс әлемінде құрықталған сол баяғы іште қалған бала осы күні ер жеткен Нұрбақыт екендігін бетіне басады. Полковник өзінің жас кезде жіберген қателігін мойындап, ана мен баладан кешірім сұрайды. Алайда, Мәриям теріс бұрылып кетіп қалады. Тағдыр тауқыметімен жолдан тая жаздаған жас жігіт ішкі істер органында істейтін өз әкесін табады. Өз баласының қылмысын әшкере етіп, өзі жұрт алдында қара бет болудан қаймыққан әке баласына байланысты жинақталған іс материалдары мен түсініктемелерді дереу жыртып, өткізілетін баспасөз конференцияны тоқтату туралы шешім шығарады. Бірақ, бәрі де кеш еді. Қате қадам басқандығына енді көзі жетіп, әкесіз өскен ұлдың таңдайтын жолы қылмыс екендігін түсінген әкенің лезде қан қысымы көтеріліп бұрыннан бар жүрек талмасы ұстап жерге сұлап түседі. Әкесін құшақтаған күйі Нұрбақыт еңіреп отыра кетеді. Қоюшы режиссер Аманқос Нұржан сахналаған қойылымда басты кейіпкер полиция полковнигі Қайыржан Ахатұлын - Еламан Ізмұханов, ал оның ұлы Нұрбақытты Бекет Махмут (екеуі де «Самал» мәдениет үйінің қызметкері) сомдаса, Мәриямның рөлінде Жанар Айдарбаева («Арман» мәдениет үйі) ойнады. Қайыржан мен Мәриямның жас кезіндегі рөлінде Аманқос Нұржан мен Нұрбақыт Нұрболат, Клара рөлінде Лизия Оқас, полиция қызметкері Есбергенов рөлінде Қуандық Көптілеуов, күзетші рөлінде Ақжол Жандосов (барлығы да «Арман» мәдениет үйі) ойнаса, Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектептің 11-сынып оқушыларынан құралған «Жұлдыз-ай» Үлгілі би ұжымы бимен, Айбол Сағатұлы музыкамен көркемдеп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Көпшілік назарына ұсынылған бұл қойылымнан қазіргі таңда белең алған нашақорлықтың денсаулыққа зияндылығы, сол арқылы пайда табуды ойлағандардың соңы абақты екендігі аңғарылады. Бұған қоса, әкесіз өскен ұлдың қылмысқа бейімділігі анық байқалады.

 Бауыржан САҚТАСЫНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT