Бүгінде елімізде ауылды дамыту үшін барлық жағдай жасалуда. Бұл ретте, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар қолға алынып, рухани жаңғыру бағдарламасы бағытындағы жұмыстар жылдан жылға артып келеді. Осы орайда, "Ауыл - ел бесігі" бағдарламасы аясында Жангелдин ауылдық округінде жаңа спорт алаңы ашылды.
Шарада алдымен сөз алған аудан әкімі Қанат Әзмұханов:
- Мемлекет басшысының спортқа зор көңіл бөліп, бұл саланы әрдайым мемлекеттік маңызды басым бағыттар санатына қосатындығы қуантады. Міне, бүгінде сіздердің ұсыныстарыңызды қолдаған облыс әкімінің тапсырмасымен аудан жастары үшін өзекті болған спорт кешені мен спорт алаңы мәселесі шешімін тауып келеді. Оған дәлел биыл ауданда 5 дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенінің құрылысы Тасшағыл, Жасқайрат, Қарабау, Қоныстану, Мұқыр ауылдарында басталды. Осы спорт кешендеріне қосымша спорт алаңдарын салу бойынша да жұмыстар жүргізілуде. 2024 жылы Жасқайрат, Қоныстану, Тасшағыл, Қаракөл, Қарабау, Тайсоған, Миялы, Сағыз ауылдарында бұл жұмыс жалғасын табатын болады. Қазіргі халық игілігіне ұсынылып отырған спорт алаңы құтты болып, ауылдан еліміздің көк байрағын желбірететін спортшылар шыға беруіне тілектеспін, -деді.
Бұдан кейін Жангелдин ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәттібай Шәкенбаев пен ауыл тұрғыны Гүлнар Сатан жерлестерін жаңа спорт алаңымен құттықтап, обоыс, аудан, ауыл әкімдеріне ризашылығын білдірді. Спорт алаңының лентасын аудан әкімі Қанат Әзмұханов пен Жангелдин ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәттібай Шәкенбаев қиды.
Айта кету керек, тамыз айында басталған спорт алаңын мердігер " MBM CONSTRUCTION " жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 4 ай мерзімінде бітіріп, халықтың игілігіне ұсынып отыр.
Әйгерім Бибозқызы
Суреттерді түсірген автор