Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Жамағат ұйымдастырған көкпар

Салауатты өмір салты – тәуелсіз мемлекеттің негізгі тіректерінің бірі. Елбасының жыл сайынғы Жолдауларында да салауатты ортаны қалыптастыру, білімді де білікті жастарды тәрбиелеу ісіне жіті мән беріліп келеді.

Бүл бағытта, аудандық ұлттық спорт түрлері федерациясының қолдауымен ауданымызда бірқатар жұмыстар атқарылуда. Жақында Миялы ауылында өткізілген «Жаппай көкпар» додасы соның бір айғағы. «Бәйтерек» мешіті жамағаттарының ұйымдастырумен өткен додаға Атырау қаласының көкпаршылары да қатысты. Дүбірлі доданы ұйымдастырушылардың бірі, аталмыш мешіттің найб имамы Шалқарбай Дәулетханұлы сайыстың мақсатын түсіндіре отырып, салауатты өмір салтын ұстануда, жалпы адами құндылықтарды қалыптастыруда қазақтың ұлттық ойындарының маңызы зор екенін, сондықтан өткізілгелі отырған сайысты дәстүрге айналдыру қажеттігін тілге тиек етсе, бас имам Мұрат Сұлтанов бата берді. Бұдан кейін жұртшылықты қызықтырған көкпар басталды. Кең даланы дүбірлеткен дода басталған бойда жердегі жатқан серкені іліп алып, тақымға қысқан жангелдиндік Ақжол Нұрлыханов белгіленген алғашқы салымды салды. Бұдан кейін жарыстың қызығына берілген көкпаршылар түрлі тәсілдерді қолдана отырып, салым санын көбейтті.

Жігіттердің күш-жігерін, батылдығы мен ептілігін сынайтын сайыста 20 салым салынды. Әрбір салымға бес мың теңгеден байрақ тігілсе, «Өгіз салымға» спорт жанашыры, кәсіпкер Октябрь Нұрадинов ет тартатын құрал берді. Жалпы, сайыстың нәтижесінде әлгінде айтқан Ақжол Нұрлыханов төрт салым мен «Өгіз салымға» қол жеткізіп, тәжірибелі көкпаршы болғанын көрсетті. Көкпарға ауыл азаматтары Қайырбек Баймұратов, Бимырза Ғалиев және мешіт жамағаттары салым атап, сайыстың өз деңгейінде өтуіне мұрындық болды. Көкпарға Атырау қаласынан арнайы келген Мадияр Сабданбектің айтуынша, қазақтың ұлттық ойындарының бірі көкпар ата-бабамыздың мұра еткен баға жетпес қазынасы. Сондықтан, жігіттерімізді осындай түрлі сайыстарға қатыстыра отырып, ұлттық рухта тәрбиелеу қажет. Мұндай шаралар жастардың күші мен ептілігін арттырып, батылдық пен ерлік қасиеттерін дамыта түсері анық. Сонымен бірге, ел бірлігін нығайта түседі.

Бауыржан САҚТАСИНОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521