Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ВОЛЕЙБОЛ ТАРТЫСҚА ТОЛЫ ТУРНИР

Ауданның құрылғанына 80 жыл толу мерекесі аясында «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісінің иегері, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Бибоз Шаяхметов атындағы волейболдан аудандық жарыс өтті.

Оған Миялы, Сағыз, Мұқыр, Жангелдин, Ойыл, Көздіғара, Тасшағыл, Тайсойған ауылдық округтерінен барлығы – сегіз команда қатысты. Миялы спорт кешенінде өткен жарыстың ашылу салтанатында Мемлекеттік Әнұран ойналған соң аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев жарыс иесін құттықтап, игі тілегін арнаса, ауданның Құрметті азаматы Жауқаш Тұрдағалиев, ақын, меценат, жерлесіміз Бижан Қалмағанбетов бұл шараның тәрбиелік маңызы мол екендігін тілге тиек етіп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ал, өз кезегінде жарысты ұйымдастырушыларға алғысын айтып, спортшыларға сәттілік тілеген Бибоз Шаяхметов аудан әкімшілігі мен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөліміне естелік сыйлық табыс етті. 1960 жылы Қоянды елді мекеінде дүниеге келген Бибоз Байдәулетұлы Шолақсай бастауыш мектебінде, кейіннен Миялы ауылындағы Н.К.Крупская (қазіргі Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектеп) атындағы орта мектепте білім алды. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын экономист-есепші, индустриалды инновациялық-құқықтық университетін құқықтанушы мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын аудандық «Казсельхозтехника» бірлестігінде жөндеуші болып бастаған ол одан әрі аудандық комсо мол комитетінді екінші, бірінші хатшы, аудандық жоспарлау, қаржы, экономика саласында мамандығы бойынша жұмыс жасады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін экономика, құрылыс, сәулет және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің басшысы, аудан әкімінің орынбасары, Құрманғазы ауданының әкімі «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының әлеуметтік саясат және инфрақұрылымдық нысандарды басқару жөніндегі департамент директоры болды. Жарыс ережесіне сай командалар жеребе бойынша екі топқа бөлініп, төрешінің ысқырығынан соң жарыс басталды. Алғашқы ойын «А» тобы бойынша Жангелдин мен Көздіғара ауылдық округі командалары арасында өтіп, 2:0 есебімен көздіғаралықтардың пайдасына шешілді. Көздіғаралық спортшылар келесі кездесуінде Миялы ауылының волейболшыларынан 1:2 есебімен ұтылғанымен, үшінші кездесуінде ойылдық қарсыластарын екі партия бойы ұтса, Миялы ауылының волейболшылары өз тобындағы Ойыл және Жангелдин командаларын (2:0, 2:1) ұтып, екеуі де жартылай финалға шықты. Ал, «Б» тобы командалары арасында өткен ойынның нәтижесінде қарсылас командаларының барлығын ұтқан Тасшағыл ауылының волейболшылары мен тайсойғандықтардың мерейі үстем болды. Жартылай финалда миялылықтар мен тайсойғандықтардың арасындағы ойын Миялы командасының пайдасына шешілсе, тасшағылдықтар мен көздіғаралықтардың арасында өткен екінші жартылай финалдық ойында Тасшағыл ауылының командасы жеңіске жетті. Сөйтіп жарыстың финалына Миялы мен Тасшағыл ауылының командасы шықты. Алғашқы екі партияда қарсыластар тең түсіп, ойын тағдыры үшінші партияда шешілді. Тартысты өткен шешуші партияда 15:11 есебімен Миялы ауылының командасы І орынды жеңіп алып, тасшағылдықтар ІІ орынды иеленді. Ал, үшінші орын үшін болған ойында көздіғаралық волейболшыларды қапы қалдырған Тайсойған ауылдық округінің командасы турнирдің қола жүлдегері атанды. Жарыстың марапаттау рәсімінде ауданның Құрметті азаматы, жарыс иесі Бибоз Шаяхметов, аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Асқар Ақтаевтар «Үздік ойыншы» атанған тасшағылдық Арсен Сайдты, «Үздік шабуылшы» атанған тайсойғандық Нұрдәулет Бисенбайды және «Үздік байланыстырушы» атанған миялылық Ералхан Еламанды марапаттап, турнир жеңімпазы мен жүлдегерлеріне кубок, диплом және медаль табыс етті.

Осылайша өздерінің тартысты да әдемі ойынымен көрермендерін баурап алған командалар ауданда волейбол спортының алға қарай дамып келе жатқанын көрсетті.

Бауыржан ОҚАСҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521