Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Достарды еске алған доп додасы

Ауданның құрылғанына 80 жыл толу мерейтойы аясында Миялы ауылының 1988 жылы дүниеге келген азаматтарының ұйымдастыруымен өмірден өткен құрдастары Дамир Бекқұлов, Жантұрған Нәутиев, Серікбай Хамзин және Дәурен Нұржекеновтерді еске алуға арналған кіші аяқ доптан ауылішілік турнир өтті.

 Салауатты өмір салтын насихаттай отырып, ауыл спортының деңгейін көтеру және спортшылар арасында достық қарым-қатынасты қалыптастыру мақсатында өткен шараға «ПМК», «Мөлтек», «Керуен», «Дидар», «Телевышка», «Автобаза» және «Водстрой» командалары қатысты. Шараның ашылу салтанатында ұйымдастырушылар атынан сөз сөйлеген Асылбек Мұратов пен Асылан Боранбайұлы жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тілей отырып, бұл турнирді жыл сайын өткізуді жоспарлап отырғандарын жеткізді. Ал, бақилық болған азаматтардың отбасы атынан тілектерін білдірген Әлібек Нәутиев пен Ержан Бекқұлов «Өмір өзен толассыз ол ағады. Адам қонақ бір күні орнын табады. Қозғалмайтын қара жер мен көк аспан. Куә болып өткен күнге қалады» дегендей бүгінгі шарада қазір арамызда жоқ балаларымыздың құрдастарын, достарын көріп, баламызды көргендей болып отырмыз. Сондықтан өмірден өткен достарын еске алып, рухтарына тағзым ету бағытында кіші аяқ доп турнирін өткізіп жатқан сіздерге отбасымыздың атынан ризашылығымызды білдіреміз. Сондай-ақ, бүгінгі турнирдің үлкен футболдан әлемдік деңгейде өтіп жатқан Еуропа чемпионатының финалдық ойындарымен қатар келуі де көңілге жақсы бір сезім ұялатады. Ендеше тағы да баршаңызға алғыс айта отырып, спортшыларға жақсы ойын өрнегін көрсетулеріне тілектеспіз. Сәттілік серік болғай» деді.
Бұдан кейін кіші аяқ доп шеберлері жеребе бойынша бір-бірімен кездесіп, жасыл алаңда ойын өрнегін қыздырды. Ойынға сағыздық төрешілер төрелік етті. Күннің ыстықтығына қарамай жалғасқан доп додасы кешкі сағат 22:00 шамасында аяқталды. Нәтижесінде, финалда «Водстрой» командасын 5:4  есебімен ұтқан «Телевышка» командасы І орынды жеңіп алып, 70 мың теңге қаржылай сыйлықты иеленді. Ал, ІІ орын алған «Водстрой» командасы 50 мың теңгемен, ІІІ орынды иеленген «Дидар» командасы 30 мың теңгемен марапатталып, жеңімпаз командаларға кубок пен медадальдар табысталды. Сонымен қатар «Керуен», «Автобаза», «ПМК» командалары «Жеңіске деген жігері үшін» номинациясымен марапатталса, «Мөлтек» командасы «Ең сабырлы команда» атанды. Сол сияқты «Керуен» командасының қақпашысы Нұржан Тілеулиев «Үздік қақпашы», «Дидар» командасының ойыншысы Қуандық Тұрағалұлы «Үздік ойыншы» атанып, Жантұрған Нәутиевтің отбасы атынан 30 мың теңге қаржылай сыйлықты еншіледі. Ал, ойынның «Үздік сұрмергені» Диас Мизамов («Телевышка» командасы) атанса, «Үздік қорғаушы» атағына Нұрболат Бисемалиев («ПМК» командасы) лайық деп танылды. Үздіктердің барлығы да ұйымдастырушылар тарапынан мадақтама мен қаржылай сыйлыққа ие болды. Келесі күні «Ақсәуле» кафесінде Дамир Бекқұлов, Жантұрған Нәутиев, Серікбай Хамзин және Дәурен Нұржекеновтердің рухына құран бағышталып, дастарқан жайылды.

Бауыржан САҚТАСЫНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT