Бүгін Қызылқоға аграрлы-техникалық колледжінде салауатты өмір салтын насихаттау, ауыл спортының деңгейін көтеру, жасөспірімдер арасында достық қарым-қатынас қалыптастыру мақсатында және 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай колледж студенттері мен мектеп оқушыларықыз балалар арасында волейболдан жарыс өтті.
Жарыстың ашылу салтанатында колледж директоры Шалқар Қасымов пен аудандық мәслихат депутаты Сәндігүл Дәуленова құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарысқа «Аманат» (Қызылқоға аграрлы-техникалық колледжі), «Бірлік» (Кенбай о/м.), «Болашақ» (№9 о/м.) және «Самға» (Сағыз о/м.) командалары қатысып, өзара ойын өрнегін көрсетті. Нәтижесінде барлық қарсыластарын ұтқан «Бірлік» командасы І орынды жеңіп алса, жарыс жолында екі команданы ұтып, бір команда ойыншыларынан жеңіліс тапқан «Самға» командасы ІІ орынды иеленіп, «Болашақ» командасы ІІІ орынды еншіледі. Қазылар алқасының ұйғарымымен «Бірлік» командасының ойыншысы Ақерке Болатқызы мен «Самға» командасының волейболшысы Айнамкөз Қайырбай жарыстың «Үздік ойыншысы» деп танылды.
Шара соңында жеңімпаз командалар мен «Үздік ойыншылар» ұйымдастырушылар атынан арнайы дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Бауыржан ОҚАСҰЛЫ.