Жақында Орал қаласында Батыс Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметованы еске алуға арналған дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы X Халықаралық турнир өтті.
Аталмыш турнирде миялылық, биылғы «Қазақстан Барысының» қатысушысы Руслан Ізғали бақ сынап, жеңімпаз атанды. 90 келі салмақта бақ сынаған ол алдымен маңғыстаулық балуанды жеңсе, екінші кездесуде Шығыс Қазақстан облысынан келген дзюдошыдан айласын асырды. Жартылай финалда жерлесіміз Батыс Қазақстан облысының балуанынан басым түссе, финалда қарағандылық балуанды жеңді. Осы жеңістен кейін Руслан «Қазақстан Республикасының Спорт шебері» атағына қол жеткізді. Сөйтіп, ол аудан мерейін үстем етті.
Нұрәділ БИЖАН