Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

МАХАМБЕТ – ГРАН-ПРИ ЖАРЫСЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРІ

Таяуда Біріккен Араб Әмірлігінің астанасы Дубай қаласында пара жеңіл атлетикадан әлемдік Гран-При турнирі өтті.

Бұл жарысқа әлемнің 42 мемлекетінен атлетшілер қатысып, үш күн бойы дода көрігін қыздырды. Аталмыш сында ел намысын қорғағандар қатарында миялылық жерлесіміз Махамбет Серікқалиев те болды.

Махамбет бұл додада ядро және найза лақтыру сынға түсті. Ядро лақтырудан тиісті ұпай жинай алмағанымен, найза лақтырудан 494 ұпай еншілеп, нәтижесінде жарыстың қола жүлдегері атанып отыр. Бұл Махамбеттің әлемдік жарыстағы алғашқы жүлдесі. Бүгін таңертең жерлес споршымыз туған жеріне табан тіреп, оны ата-ана, бауырлары, жергілікті жаттықтырушылар, спортшылар зор құрметпен күтіп алды. Салтанатты шарада аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сәндібек Салықов спортшыны жарқын жеңісімен құттықтаса, Қызылқоға балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Болатбек Меңдіғалиев жас спортшының алдағы жарыста сәттілік тіледі.

Өз кезегінде жарыс жүлдегері Махамбет:

– Бұл сынға елімізден барлығы 15 спортшы аттандық. Әлемдік Гран-При жарысы болғандықтан небір мықты спортшылар қатысты. Мен ядро лақтырудан тиісті ұпай жинай алмағаныммен, найза лақтырудан жақсы нәтиде көрсеттім. Жарыс шарты бойынша бізге найза лақтыруға алты мүмкіндік берілді. Соның ішіндегі ең жоғары нәтиже тіркеледі. Нәтижесінде 494 ұпай еншілеп, қола жүлдегер атандым. Осы нәтижем үшін маған 500 ұпай берілді. Мақсатым – алдағы жарыстарда да жоғары ұпай жинап, паралимпиада ойындарына қатысып, жеңімпаз атану, - деді.

Ендеше, әлемдік додада жүлдегер атанған жігерлі спортшының алдағы жарыстарына сәттілік тілейміз.

Дулат МӘТЖАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT