АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар Андрей Голубев пен Александр Недовесов АҚШ-та топырақ төсенішінде өтіп жатқан Хьюстон ATP 250 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық жұп ширек финалда жарыстың 4-ракеткалары болып тіркелген швециялық Андре Горанссон – жапониялық Бен Маклахланмен шеберлік байқасты. Қазақстандық жұп екі сетте 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Бір сағат 14 минутқа созылған бәсеке барысында А.Голубев пен А.Недовесов 1 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Швециялық-жапониялық жұп 2 эйспен ғана көзге түсті. Қазақстандық теннисшілердің жартылай финалдағы қарсыластары кейін анықталады. Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің АҚШ-тағы жарыстың ширек финалына өткенін жазған болатынбыз. Сондай-ақ Александр Бубликтің Монте-Карло мастерс турниріндегі қарсыласы анықталды.