Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Үйлену тойында көкпар болды

Өткен жексенбі күні Жангелдин ауылында екі жас шаңырақ көтеріп, ұлан-асыр той жасады.

Бұл тойдың басқалардан ерекшелігі жас отау иелері Темірбек пен Құндыздың достары Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында мектеп оқушылары арасында қазақ күресін, ересектер арасында түйе балуан белдесуін, тай жарысы мен көкпар ойыны секілді ұлттық спорт түрлерін ұйымдастырып, жұртшылыққа мерекелік көңіл күй сыйлауында еді.

Ертеңгілік Жангелдин ауылының атшабарында жиналған жұрт алдымен мектеп оқушылары арасында қазақ күресін тамашалады. Қажымұқан аталарының жолын қуған балғын балуандардың белдесуінде Атанияз Дәлубайдың мерейі үстем болып, қарсыластарының барлығын ұтса, Ақжол Жәрдемғали екінші, Нұрхат Жылқыбаев үшінші орынды алды. Ал, ересектер арасында Нұрбек Егінбаевтің жауырыны жерге тимей, «Түйе балуан» атағын иеленді. Бұдан кейін жиналған жұртшылықтың назары тай жарысына ауды. Он екі тай арасындағы бәсекеде Азат Рашидтің мерейі үстем болып, торы тайы мәре сызығын бірінші қиды. Соңғы кезде аудан жастары ден қойып жүрген көкпар ойыны да тартысты өтті. Үш команда қатысып, бақтарын сынаған додада «Сұңқар» тобы ешкімге дес бермеді. Спорттық шараларды ұйымдастырушылардың бірі Асхат Есенқұлов: – Достарымызбен ақылдасып, халқымыздың салт-дәстүрлерін, ұлттық спорт түрлерін, салауатты өмір салтын насихаттау үшін осындай шараны ұйымдастырдық.

Аудандық ұлттық спорт түрлері федерациясы мен аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің төрешілері мен мамандары төрешілері әр ойынның ережелерін түсіндіріп, сайыстың әділ өтуіне атсалысты. Ұлттық спорт ойындары тек қана белгілі бір мерекелерде емес, түрлі тойларда, ас берулерде ұйымдастырылып тұрса жас жеткіншектердің қызығушылығы артатыны сөзсіз, – дейді. Шынында да, мұндай жарыстардың жиі ұйымдастырылуы намысы бар қазақ жастарының жігерін жанып, ауыл спортын көтеруге, ұлттық спорт түрлерін дамытуға септігін тигізері сөзсіз.

Өз тілшіміз.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521