Өткен апта Миялы спорт кешенінде «Бәйтерек» мешіті жанынан құрылған «Иман жастары» еріктілер тобы Көздіғара және Жамбыл ауылдық округтерінде салынып жатқан мешіт құрылысына үлес қосу мақсатында кіші аяқ доптан қайырымдылық турнир ұйымдастарды.
Аталмыш турнирге Миялы, Сағыз, Ойыл, Көздіғара ауылдық округтерінің жастары қатысты. Айта кетейік жарыс шарты бойынша турнирге қатысушы әр команда 15 мың теңге төлеп қатысуы керек. Десе де, жақсылықта жарысқан аудан жастары одан да көп мөлшерде өз үлестерін қосты. Мәселен, миялылық 1989 жылғы туған азаматтар 100 мың теңге ақшалай демеушілік жасап, белсенділік танытты.
Жарысқа барлығы он команда қатысып, ақтық сында миялылық қос команда кездесті. «Ауыл жастары» мен «Телевышка» командалары арасында өрбіген тартысты ойынның негізгі уақытында тең тарқасқан командалар жеңімпазды ойын соңындағы пенальти сериясында анықтады. Футбол «лотериясында» «Ауыл жастарының» мерейі үстем болып, турнир жеңімпазы атанса, олардан финалда ұтылған «Телевышка» командасы екінші, «Көздіғара» командасы үшінші орынды иеленді.
Сондай-ақ, турнирдің «Үздік қақпашысы» болып Төлеген Қами танылса, «Үздік шабуылшы» атағына Сәндібек Өтешов ие болды. Ал, жарыстың «Үздік ойыншысы» атағына Жанәділ Еламанов лайық деп танылды.
Нұрәділ ЕЛАМАН