Көшпенділер ойындарының эмблемасын теріден жасап әкелген ерекше қолөнер иесі - атыраулық Нұрсұлтан Қалиев.
Атыраулық шебердің қолынан шыққан бұйымдар V дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында жұмысын бастаған этноауылда көрмеге қойылды. Атыраулық қолөнерші осымен халықаралық деңгейдегі үшінші көрмеге қатысып отыр.
"Көшпенділер ойындарына қылқобыз, шебердің қолы, ұршық сынды ерекше композицияларымды алып келдім. Тері, ағаштан жасалған түрлі бұйымдар негізінен қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі туралы ерекше сыр шертеді. Ал, V дүниежүзілік көшпенділер ойындарының теріден жасалған эмблемасы - халықаралық бәйгенің экспозициялық символы болып отыр" дейді қолөнерші Нұрсұлтан Қалиев.
Еске сала кетсек, 6 қыркүйек күні атыраулық делегация V дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында "Бірлік керуеніне" қатысқан болатын. Әлемнің 100 елінен 4000-нан астам спортшы бақ сынасатын халықаралық додаға Атырау облысынан үш спортшы қатысуда. Олар - алыш күресі бойынша Қазақстан Республикасы чемпионатының жеңімпазы Нұржан Сәрсенғалиев, құсбегіліктен Қазақстан Республикасының спорт шебері Арман Қошқаров және дәстүрлі садақ атудан Қазақстан Республикасының спорт шебері Марат Бексұлтан. 3 спортшы, 10 елшіден тұратын атыраулық көшті батыр, Дүниежүзілік көшпенділер ойынының жеңімпазы Сұңғат Закарияев бастап барды.