Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қайнарлық мұнайшылардың тартуы

Сейсенбі күні Мұқыр ауылдық округіне қарасты Жамансор елдімекенінің тұрғындары үшін қуанышты күн болды. Өйткені бұл күні аталмыш елдімекенде орналасқан «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының ұжымы жамансорлықтарға кіші аяқ доп алаңын тарту етті.

Спорт алаңының ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының бас инженері Нұрлыбек Мұқанов:

            – Осыдан бір-екі жыл бұрын біздің басқармаға Мұқыр ауылдық округі әкімі Мереке Есқалиевтан Жамансор елдімекеніне спорт алаңын салып беру жөнінде өтініш хат түскен еді. Осы хат негізінде басқарманың сол кездегі басшысы Мәлік Жүнісовтің қолдауымен спорт алаңының құрылысы басталған болатын. Міне сол құрылыс бүгінгі күні бітіп, пайдалануға беріліп отыр. Бұл спорт алаңы жастардың арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға, жастардың арасынан жақсы спортшылардың шығуына септігін тигізері сөзсіз, - деді.

672aca9c-a8a6-4ba8-9fea-a79a68e75077

Сондай-ақ, салтанатты шарада құттықтау тілектерін білдірген Мұқыр ауылдық округі әкімі Мереке Есқалиев, ауданның Құрметті азаматы Амангелді Сәрсембаев, Жамансор ауылының тұрғыны Қайрат Қасықбаев, шараға құрметті қонақ болып шақырылған аталмыш басқарманың бұрынғы басшысы Мәлік Жүнісов ауыл жастары үшін тамаша тарту сыйлаған қайнарлық мұнайшыларға алғыстарын білдірсе, жастар атынан сөйлеген Ықпалбай Сартов: «Жастарымыздың болашағы үшін спорт алаңын салып берген мұнайшыларға жастар атынан алғысымыз шексіз. Осы шағын спорт алаңында жаттыққан ауыл жастары еліміздің, әлемнің үлкен спорт алаңдарында өнер көрсетулеріне тілектеспін» деген тілегін жеткізді.

b58be203-6f75-4658-9b21-840963213e40

Бұдан кейін «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының бас инженері Нұрлыбек Мұқанов пен Мұқыр ауылдық округі әкімі Мереке Есқалиев салтанатты түрде алаңның ашылу лентасын қиса, аталмыш басқарманың бұрынғы басшысы Мәлік Жүнісов округ әкіміне символикалық кілтті табыс етті. Қазақы дәстүрмен шашу шашылып, қонақтар бауырсақ пен ақтан ауыз тиді. Айта кетсек шара барысында қайнарлық мұнайшылар футбол алаңының көрімдігіне жергілікті жастар командасына  спорттық форма екі түрі мен екі футбол добын және Мұқыр командасына футбол добын сыйға тартты.

Шара соңында Мұқыр, Жамансор ауылы мен «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының командалары арасында кіші аяқ доптан жолдастық кездесу өтті.

 

Бауыржан САҚТАСИНОВ

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT