Атырау қаласында өткен джиу-джитсудан жастар және ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында Миялы ауылының түлегі Ақниет Ғабит екінші орынды иеленді.
Файтинг систем бөлімі бойынша 69 келі салмақта бақ сынаған ол жарыс жолында төрт кездесу өткізіп, үш қарсыласын айқын басымдылықпен жеңді. Осылайша, үздіктердің қатарынан көрінген Ақниет Біріккен Араб Әмірлігінің астанасы Абу-Дабиде жастар мен ересектер арасында өтетін әлем чемпионатына жолдама алды.
Жарыстың жабылу салтанатында Ақниетті жарыс жолына дайындап жүрген жаттықтырушысы, жерлесіміз Айбар Есенғалиевке Монғолияда өткен жарыста Азия чемпионы атанғаны үшін «Қазақстан Республикасының Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» куәлігін ресми түрде табыс етілді.
Нұрәділ ЕЛАМАН