Ептілік пен жүректілікті бір арнаға тоғыстырып, жасөспірімдерді дзюдо күресіне баулып жүрген Сәлімгерей Нұрболғановтың шәкірттері аудан абыройын облыстық жарыстарда асқақтатып жүргендігін бұдан бұрын да жазғанбыз.
Таяуда Қызылқоға балалар-жасөспірімдер спорт мектебі Сағыз бөлімшесінің дзюдо күресінен жаттықтырушы Сәлімгерейдің шәкірттері Махамбет аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің 50 жылдық мерейтойына арналған дзюдо күресінен жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында өткен облыстық турнирде тағы да жетістіктерімен қуантты.
Айталық, 42 келі салмақта бақ сынаған Қуаныш Сембай (Қызылқоға аграрлы-техникалық колледжінің студенті) мен 48 келі салмақтағы Зарина Тұрғали (Кенбай орта мектебінің оқушысы) қарсылас шақ келтірмей бірінші орынды жеңіп алса, Сансызбай Айжарық (46 келі, Кенбай орта мектебінің оқушысы) пен Бауыржан Мағзом (73 келі, Қызылқоға аграрлы-техникалық колледжінің студенті) үшінші орынға қол жеткізді.
Сөйтіп, аудан мерейін үстем етті.
Ендеше, Сәлімгерейдің шәкірттері жетістіктен жетістікке жете беруіне тілектестік білдіреміз.
Б.ІЗБАН