Тас жолдардағы жол апаты азаймай тұр. Басты себеп – жылдамдықты шамадан тыс асыру мен сапасыз жолдың салдары. Жылдамдықты арттыру діттеген жерге дін аман жетудің кепілі емес. А нүктесінен Б нүктесіне дейінгі жол ұзақтығы біз тежегішті баспай, қанша асыққанымызбен өзгеріссіз қалары хақ. Халқымыз осындайда «Асықпаған арбамен қоян алады» деп бекер айтпаған. Асығамын деп қате басқан қадам тас жолда талай тағдырды талқандады. Құзырлы органдары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ескерту мен заңнамаларды жарыса хабарлағанымен, нәтиже төмен.
Былтыр аудан бойынша 37 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 11 жолаушы қаза тауып, 41 жолаушы түрлі дене жарақатын алған. 2025 жылдың қаңтар айында 1 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 2 адам жарақат алып, 1 адам қаза тапқан. (графика)
- Жол апатының негізгі себептерінің бірі – ішімдік ішіп, көлік жүргізу. Шарапқа сылқия тойған жүгенсіз жүргізушілер жолдағы қауіпсіздік талаптары мен заң нормаларын жиі бұзады, – дейді полиция өкілдері.
Аудандық полиция бөлімінің мәліметінше, өткен жылы 33 мас жүргізуші құрықталып, аудандық соттың шешімімен тиісті шаралары алынған. Ал биыл, небәрі бір айдың ішінде, 2 мас жүргізуші ұсталған. Өкініштісі, өз өмірін ысырып қойып, өзгенің өміріне де қауіп төндіретін көлік жүргізушілері азаймай тұр.
Полиция ескертеді
Қауіпсіздік – бәрінен маңызды. Тас жолдарда жылдамдықты шамадан тыс асыру қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін. Әрбір жүргізуші жол қозғалысының барлық ережесін сақтап, өз өміріне ғана емес, өзгенің де қауіпсіздігіне жауапты екенін естен шығармауы тиіс.
Өкінішке орай, жылдамдықты арттыру діттеген жерге тез жеткізбейді, керісінше, үлкен қауіп тудырады. 2024 жылдың қортындысы бойынша ауданымызда бірнеше жол-көлік оқиғасы тіркеліп, адам шығыны мен ауыр жарақат алу фактілері орын алды. Бұл – баршамыз үшін үлкен сабақ. Сондықтан, жолда сақ болайық! Жылдамдықты шамадан тыс асырмай, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтайық. Сізді күтіп отырған отбасыңыз бен жақындарыңыз бар екенін ұмытпаңыз.
Мейрамбек НҰРБАЙҰЛЫ,
аудандық полиция бөлімі Жергілікті полиция қызметі бөлімшесі
Патрульдік полиция тобы қызметінің аға инспекторы, полиция капитаны.
Еліміздегі жол апаттарының негізгі бес себебі анықталған. Біріншісі – жылдамдықты шамадан тыс асыру, әсіресе түнгі уақытта қайғылы жағдайлардың жиі тіркелуі. Сондай-ақ, қарама-қарсы жолаққа шығып кету, жол жиегіндегі төрт түлік малмен соқтығысу факторлары да жиі кездеседі. Екінші себеп – көлік құралын агрессиялы басқару. Жүргізушілер өз тәжірибесіне тым сеніп, тас жолда тәуекелге жиі барады. Үшінші себеп – ауа райының қолайсыздығы. Жауын-шашынды, боранды немесе дауылды күндері ескертулерді елемей жолға шығып, апатқа ұшырайтындар көп. Төртінші себеп – жол сапасының нашарлығы. Көптеген жолдағы шұрық-тесік шұңқырлар мен дұрыс жасалмаған жол белгілері көлік қозғалысына қауіп төндіреді. Бесінші және ең қауіпті себеп – мас күйде көлік тізгіндеу.
Жақыныңнан бейбіт заманда ойламаған жерден айырылу – ауыр қасірет. Көп қайғының алдын алудың жалғыз жолы темір тұлпарды тізгіндеген әр жүргізуші жол қауіпсіздігін қатаң сақтауы қажет. Қарапайым қағидалар мен бекітілген ережелерді сақтау – қара жолдағы қайғылы жағдайлардың алдын алудың басты кепілі.
Самғат ҚАЙРАТҰЛЫ