Мамыр айы жаңбырлы болғандықтан аудан халқының басым бөлігі қой-ешкінің жүнін осы маусым айынан бастап қырқа бастады. Тіпті кейбір шаруа қожалықтары мамыр айының аяғында бұл жұмысты қолға алатын болатын. Әрине, әлімсақтан мал шаруашылығымен айналысатын аудан халқы үшін қой қырқу мәселе емес. Бір күн қой кезекке жібермей алып қалады да, отбасымен асарлататын.
Басты мәселе – қырқылған жүннің кәдеге аспай, далаға қалуы. Ауыл тұрғыны Бисембай Ақшолақов:
– Үйімде күнделікті қой кезекке қосып отырған жиырма шақты қойым бар. Қой малын жылына екі рет (көктемде және күзде) қырқамыз. Сол кезде он шақты қаптай жүн жиналады. Артынан ол жүнді далаға тастаймыз. Қойы көп тұрғындар бар. Олардан қанша тонна жүн жиналатынын есептей беріңіз. Одан бөлек, мал сойғанда да терілерін далаға тастаймыз. Бұл көптен көтеріліп жүрген мәселе. Алайда, шешімі табылар емес. Мысалы, қазір мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге көптеген гранттар бөлініп жатыр. Сондай гранттардың бірі – жүн-тері өңдейтін кәсіпкерлерге де берілсе игі деген ұсынысым бар, - дейді.
Айтса айтқандай қазір жүн-тері игерілмей далада жатады. Бұл ретте, ауыл кәсіпкерлерінің біразына хабарласып көрдік. Олардың көбі жүн-теріні алғанмен оны қабылдайтын жер жоқтығын алға тартты. Тек Асхат есімді кәсіпкер ешкі жүнінің келісін 1500 теңгеден алатындығын мәлімдеді. Алайда, ол шикізатты өңдемейді, тек Ақтөбе қаласына апарып 2000 мың теңгеден тапсырады. Бір сөзбен айтқанда, алыпсатар. Ал, ауданға алыпсатар емес жүнтеріні өңдеп, одан өнім шығаратын кәсіп керек. Бір жылдары жеке кәсіпкер Нұржамал Ізбасарова мемлекеттен 40 миллиондай қаражат алып, Е.Нұршаев ықшам ауданынан ғимарат салды. Жергілікті тұрғындар «Оның ішінде көп салалы тігін цехы болады, енді жүн-теріміз далада қалмайды» деп қуанған. Алайда, ғимарат салынғанымен ақша да жоқ, кәсіпкер де жоқ сол күйі қаңырап қалды. Халықтың да үміті су сепкендей басылып қалды.
Осы орайда, ауданда «Жүн-теріні далаға тастамай, өнім өңдейтін кәсіпкерлік нысан ашыла ма?» деген сауалды аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Рыскүл Қайырғалиеваға қойған едік. Ол: «Қазіргі таңда Сағыз ауылында кәсіпкер Азат Нәбиев тұрмыстық қалдықтарды қабылдаумен айналысуда. Алдағы уақытта кәсібін дөңгелетіп, дамыту үшін несие алуға ниетті. Сондай-ақ, Миялы ауылынан жеке кәсіпкер Жұмаберген Арысов «Ауылдық жердегі шағын және орта бизнесті дамыту» бағдарламасы бойынша жүн-тері қабылдайтын орын ашу үшін жоба дайындап қойды. Жері де дайын. Енді аталмыш бағдарлама бойынша жеті пайыздық несиені күтіп отыр. Несие алған бойда кәсібін бастамақшы» деп жауап берді.
Аудандық статистика бөлімінің биылғы жылдың І тоқсанындағы қорытындысы бойынша ауданда 160 229 бас қой-ешкі бар. Сонда осынша қой-ешкіні жылына екі рет қырыққанда қаншама тонна жүн жиналатынын елестете беріңіз. Ал, ол жүн қайда тасталады? Әрине, күл-қоқыс алаңына тасталады немесе кейбір тұрғындар ауыл сыртына тастай салады. Ал, ол жүн желмен ұшып, айналаны бүлдіреді, терілерді ит сүйреп ауылға әкеледі. Сондықтан, жүн-теріні тезірек игермесек, оның тигізер зияны шаш етектен. Демек, мәселенің шешімін тезірек тауып, жұмысын үйлестірген кім-кімге де пайдалы екендігі сөзсіз.
Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН