Тарихқа сүйенсек, халқымыз иттің адалдығын қастер тұтқан. Сол себепті, оны жеті қазынаның қатарына жатқызып, итті жыл санауының атауына кіргізген. Ол жайында ертегілер де жазған. Алайда, біз қастер тұтқан жануардың жыртқыштық қасиеті бар екенін де ұмытпағанымыз жөн. Оған дәлел, осыдан үш-төрт жылдан бері бұралқы иттердің мәселесі газет бетінен түспей келеді. Оған тиісінше, жауапты мамандар да өз жауаптарын беріп, бұралқы иттерді атып көзін жойып отырған. Бірақ, осы бұралқы ит, мысықтарды аулау және жоюға қарсы жаңа Заң шыққалы олардың саны күрт артты. Бұл ретте, «Бұралқы иттерге қандай шара қолданылады?», «Ауыл тұрғындарының жеке малын жарақаттап немесе өлтірген жағдайда кім жауапты?» деген сұрақтарға жауап іздегенді жөн көрдік.
Заңнан аттап кете алмаймыз
Қазіргі таңдағы, бұралқы иттердің ауыл тұрғындарына тигізіп жатқан зардабынан хабардармыз. Алайда, Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы №97-VII ҚРЗ «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңы шықты. Бұл Заңның ережесі шыққанымен, қағидалары бекітілмеді. Сол себепті де, аталмыш Заң күшіне еніп, қаңғыбас жануарларды аулау және өлтіру тоқтатылды.
Сонымен қатар, Заңда нормативтік-құқықтық актілер пакеті иттерді төбелестіру, ветеринарлық операцияларды наркозсыз жүргізу, жануарларды жазасыз өлтіру, жануарларды қинап, дер кезінде көмек көрсетпеу, мейірімсіздікпен аулау сияқты жағымсыз көріністерге тосқауыл қойылды. Сол себепті де ешқандай қаңғыбас ит пен мысықтың көзі жойылмады. Оған қоса, нормативтік-құқықтық актінің бірқатар жобалары қаңғыбас жануарлармен жұмыс істеуді реттеуге бағытталған.Алайда, жоғарыда айтқанымдай бұл Заңның қағидалары, яғни алдағы бұралқы иттерге жасалатын жұмыстар жөнінде шілде айының аяғында бекітіледі. Демек, бұл мәселенің де шешімі табылатын болады.
Айдулат КЕНЖЕБЕКОВ, аудан әкімінің орынбасары.
Құжаттандыру жүргізілуде
Былтырғы жылы шыққан жаңа Заң бойынша ит, мысықтарды аулап, жоя алмаймыз. Алайда, иелігінде жеке тұрғын үйі бар тұлғалар иттерін ауласында ұстап, кіреберіс дарбазада үйде иттің бар екені туралы ескерту белгісі болуы қажет. Иттерін құжаттандырып (паспорт алып), уақытымен егу жұмыстарын жүргізіп отыру керек. Ал, қоғамдық орындарда, көшелерде жетектеуші тұлғасыз (иесіз) жүрген иттер мен мысықтар қараусыз, қаңғыбас деп саналады. Биылғы жылы аудан бойынша 30 ит құжаттандырылды.
Жыл сайын тұрғындар жиындарында, басқа да халықпен түрлі кездесулерде ит пен мысықты ұстау ережесі туралы түсіндіріліп, аудандық басылымға жазылып жүргенімен аудандағы ит асыраушылардың басым бөлігі бұған немқұрайлылықпен қарайды. Кейбіреулер иттерін құжаттандырғанымен аулада байлап ұстамайды. "Ит ұстаудың мәні осы екен" деп итаяққа тамақ қалдықтарын құяды да әрі қарай бақылаусыз қалдырады. Ал, қараусыз жүрген ит көшеде жүрген басқа да иттерге қосылады да адамдарға шауып, өрісте жүрген қой-ешкі, бұзау-баспақтарды талайды. Үйдегі балалармен ілесіп мектепке барады да басқа иттермен төбелесіп, оқушыларға қауіп төндіреді. Мұндай кездерде иелері өздерінің бағып жүрген иттерін "менікі емес" деп ақталады. Бұл өз кезегінде ата-аналардың, тұрғындардың реніштерін тудыратыны сөзсіз. Әрине, қазір жаңа Заңға байланысты қаңғыбас ит пен мысықтарды жойып немесе аулай алмасақ та, адамды қапқан жағдайда 10 күн бақылауға аламыз. Егер сол 10 күн ішінде құтырма ауруы болмаса, итті босатамыз. Яғни, «құтырма ауруы жоқ» деп жауап беріледі. Қазіргі таңда, аудан бойынша 152 ит пен 200 мысықты құтырма ауруына вакциналау жоспарланса, соның ішінде ит пен 100 мысық егілді. Осы орайда, ит ұстаушылар жоғарыда көрсетілген қағидатқа сай ережесін сақтаса, көшемізде бұралқы иттер азаяр еді.
Жәнібек КЕНЖИН, аудандық ветеринариялық стансасының кәсіпорнының директоры
Балаларға қауіп төндіріп отыр
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің №114 бұйрығы «Аса қауіпті инфекциялар» бойынша жұмысты ұйымдастыру хаттамасына сәйкес ит, мысық немесе кез келген үй жануары, жабайы жануар тістеген немесе тырнаған жағдайда науқасты қарау кезек күттірмейтін шаралар қатарына жатады. Себебі, бұл жануарлар құтыру ауру ошағы болуы мүмкін. Міндетті түрде жануар тістеуі емес сілекейі тисе де, тырнағы тисе де құтыру ауруын тасымалдаушы болып табылады. Биылғы жылдың басынан бері аудандық ауруханаға ит тістеп жарақат алған 16 бала тіркелді. Бұл салыстырмалы түрде жоғары көрсеткіш. Мұны қоспағанда ит қапсада, тіркелмей үй жағдайында оны елемей жүргендер де өте көп. Осы орайда, ит тістеген жағдайда дұрыс көмек көрсету керек. Атап айтсақ, жедел түрде ауруханаға келіп құтырмаға қарсы екпе алу, жараны жуып, тазалап, асептикалық таңғыш салу, тістеген итті 10 тәулік байлап бақылауда ұстау қажет. Құтыру ауруы бар жағдайда осы уақыт аралығында өмір сүруін тоқтатады. Ал, егер тістеген ит белгісіз болған жағдайда екпе алу курсы толық 30 күн орындалады. Иттің құтырмағандығы туралы анықтаманы аудандық ветеринариялық стансасы бергеннен кейін екпе 3 реттен соң тоқтатылады.
Тағы бір ескере кететін жайт, аудан тұрғындары ит тістеген жағдайда міндетті түрде дәрігерге қаралу керек. Құтыру ауруының емі жоқ! Тиісті екпені уақтылы алу тиіс.
Мүмкіндігінше итті байлап асыраған жөн. Сондықтан бұралқы иттерді ату бригадасын бұрынғысынша ұйымдастырылса игі деген ұсынысымыз бар.
Айнұр ТІЛЕМІСОВА, аудандық орталық аурухана директоры
Мал иесінің шығынын кім өтейді?
Ауыл тұрғындарының барлығы малмен күндерін көріп отыр ғой. Былтырғы жылы үйде бағып отырған 18 тауық пен 3 әтешімді қырып кеткен болатын. Ол кезде, Сағыз ауылдық округі әкімі аппаратына барып, жағдайымды айтқан болатынмын. Денсаулығыма байланысты былтырғы жылдан бері сауын ешкі алып, сауып сүтін ішіп отыр едім. Түнгі сағат 1:30 -да көршім телефон соғып, «Ешкің бақырып жатыр, ит талап жатқан жоқ па?» деді. Шауып қораға барып едім, өңешін жұлып, қарнын ақтарып тастаған. Енді екіншісін тартқылап едім өзіме шауып, қолыма түскен затпен ұрып әзер құтылдым. Топ боп 11 ит бірігіп жүр. Бұл иттермен қоса, мысықтарда көбейіп кеткен. Қазір 41 балапаннан 4 балапан тірі қалды. Жұмысымыз ит пен мысықты күзету болды. Тіпті, көршілерімізбен де араз болдық. Атуға болмаса да, оның көбеймеуіне жауап берілу керек. «Жеке тұрғындардың шығынын кім өтейді?» деген сұраққа жауап жоқ.
Асқар СЕКЕРҒАЛИЕВ, Сағыз ауылының тұрғыны
Бес адамға айыппұл салынды
Аудан бойынша соңғы 15 жылда адамдар арасында құтыру ауруы тіркелген жоқ. Алайда, облыс бойынша 1 жағдай тіркелген болатын. Яғни өзінің иті жарақаттап, медициналық көмекке жүгінбей, қайтыс болған. Ал, жалпы еліміз бойынша адамдар арасында құтыру ауруы жылда тіркеліп отыр. Эпидемиологиялық зерттеу жүргізу кезінде қайтыс болған адамдар жануарлардың тістеуінен, тырнауынан, сілекейленуінен кейін медициналық, антирабиялық көмекке жүгінбеген.
Былтырғы жылдың маусым айымен, биылғы жылдың 5 айын салыстыратын болсақ, жануарлардың тістеуінен, тырнауынан, сілекейленуінен зардап шегіп, антирабиялық көмекке жүгінген адамдар саны былтырғы жылы 31 адам, биылғы жылы 21 адам. Былтырғы жылмен салыстырғанда антирабиялық көмекке жүгінгендер азайғанымен, керісінше ит қабу жағдайымен тіркелгендер көбейіп отыр. Былтырғы жылдың 5 айдағы 31 адамның құтырған малмен жанасқаны 20 болса, мысық тырнаған 2, ит қабу 9 адам болды. Ал биылғы жылдың 5 айында 21 адамның құтырған малмен жанасқаны 4, мысық тырнаған 1, ал қалған 16 адам ит қауып отыр. Яғни ит қабу жағдайы 7 (43,75%) жағдайға көбейген. Оның ішінде, ит 14 жасқа дейінгі былтырғы жылы 4 бала болса, биылғы жылы 12 бала. Бұл адамдар арасында ит қабу жағдайының көбейіп отырғандығын және балаларға қауіп төндіріп отырғандығын көрсетеді.
Жалпы құтырма ауруының вирусы жануардың сілекейі арқылы бөлінеді. Осылайша, олар қауып алғанда, сондай-ақ тырналған, сыдырылған жеріне сілекейдің түсуінен жұқтырып алуы мүмкін. Жарақатқа түскен вирус жұлын мен миды және барлық ағзаны зақымдайды. Вирус ағзаны зақымдаған сәттен ауру басталғанға дейінгі кезең 12 күннен 1 жылға дейінгі уақытқа созылуы ықтимал. Құтырудың алдын алуға болады, бірақ онымен ауырған адамды қазіргі кезде емдеудің еш мүмкіндік жоқ. Бұл үшін тез арада медициналық көмекке жүгініп, құтыруға қарсы антирабиялық екпелерін алуы қажет. Мұны сырттай дені сау жануар тістеген жағдайда да жасау керек. Себебі аурудың алғашқы клиникалық белгілері пайда болғанға дейін 10 күн ішінде қоздырғыш (вирус) сілекеймен бірге бөлінеді.
Жыл басынан бері аудандық санитариялық-эпидемиологиялық басқармамен адамдарға зақым келтірген ит, мысықтар бойынша жануарларға бақылау жүргізу туралы ветеринариялық қызметке 11 материал, аудандық полиция бөліміне 11 материал жолданып, күні бүгінге дейін полиция бөлімімен 5 адамға айыппұл салынды.
Алтынгүл АЙМҰРАТОВА,
Қызылқоға аудандық санитариялық- эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы
Түйін
Топтанып малға, қала берді адамдарға шауып жүрген иттер көп. Соның салдарынан адамдар түрлі жарақат алып, бақилық болуда. Сондықтан, ит асыраған жандар ит пен мысық ұстау ережесін қатаң сақтағаны жөн. Өйткені, кез келген адамның өміріне қоғам болып жауаптымыз. Ал, көше кезген бұралқы иттермен нақты әрі жүйелі түрде күресіп, дұрыс шешімі шығып, бұл мәселені мықтап қолға алған жөн. Ендеше, қалай болғанда да көше кезген бұралқы иттерді жоюдың нақты бір шарасы алыну тиіс екендігі сөзсіз.
Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА