Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Жауапкершілік екі есеге артты

Өткен аптаның жұмасы күні ауданға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Салауат Мүксімов іссапармен келіп, мемлекеттік қызметшілермен кездесті.

Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өткен жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат хатшысы, округ әкімдері, бөлім, мекеме басшылары мен мемлекеттік қызметкерлер қатысты. Жиынды аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев ашып, жүргізіп отырды. Алдымен сөз алған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Салауат Мүксімов:

– Еліміздің дамуы мен өркендеуі мемлекеттік саясаттың дұрыс жүргізілуімен тікелей байланысты. Бұл орайда мемлекеттік қызметкерге артылар жүк ауыр болмақ. Жауапты сала болғандықтан үкімет тарапынан мемлекеттік қызметшілерге жан-жақты жағдай жасалуда. Оның дәлелі – биылғы жылдан бастап Атырау облысы бойынша мемлекеттік қызметкерлердің жалақасының өсуі. Бұл әрине қуанарлық жағдай болғанымен, енді жауапкершілік те екі есе артады. Бұдан былай мемлекеттік қызметкер өзін билік өкілімін деп емес халық қызметшісімін деп санауы тиіс. Алдына келген әр адамды жылы қабылдап, әрбір сауалға мұқият жауап беруге міндетті. Басшылар жұмысты кабинетінде отырып емес, ел аралап, ашықтықтықты басты ұстаным етуі керек. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында кең көлемде айтылған. Алдағы уақытта мемлекеттік қызметкердің жұмыс сапасы халықтың берген бағасымен өлшенетін болады. Бұл мақсатта біз департамент жанынан кешенді талдау жүргізіп отырамыз. Сол арқылы қызметкердің жұмысы, халықпен байланысы, білімі барлығы сараланатын болады. Сондай-ақ, бос тұрған мемлекеттік қызмет орнына жарияланатын конкурсты да жүйелеу керек. Қазір конкурс бойынша бір орынға әрі кетсе екі адам түседі. Бұл өте аз. Негізі бір орынға он-он бес үміткер қатысуы тиіс. Соның арасынан суырылып шыққан ең білімдісі, сауаттысы ғана мемлекеттік қызметкер атануы қажет. Жергілікті жерлерде де конкурс өткізгенде осы мәселені басшылыққа алған дұрыс, – деді.

Бұдан кейін аталмыш департамент басшысы аудандық ардагерлер үйінде мемлекетттік қызмет саласының ардагерлерімен кездесті. Кездесу барысында ол мемлекеттік қызметшілерді отансүйгіштікке тәрбиелеп, сыбайлас жемқорлық қылмысынан сақтандыру мақсатында ардагерлермен бірлесіп, тәлімгерлік кеңес құру жайлы ұсыныс білдірді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Карин айтылған ұсынысты қолдайтындығын қаперге берді. Одан әрі департамент басшысы аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысып, аудандағы бөлім-мекемелерді аралады. Әрбір мемлекеттік қызметшімен жеке-жеке сөйлесіп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Дулат БЕРІКҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521