Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ЕҢБЕКПЕН ТАПҚАН НАН ТӘТТІ

«Адамды шыңға жетелеп, бар мақсатына уақытында жеткізетін қасиеті – еңбекқорлық.

Таңның атысынан күннің батысына дейін маңдай тері жіпсігенше жұмыс жасап, нәпақа табу – әр адамның өмірлік міндеті» деп өзінің өмірлік ұстанымын қалыптастырған азаматтардың бірі – миялылық кәсіпкер Айдос Ғабдуллин.

Ол алғашында жолаушы тасымалдаумен айналысып, кейін тұрғын үйінің жанынан көлік жөндеу орнын ашады. Бұл кәсіпті қолға алғанына он шақты жылдың көлемі болды.

– Бүгінде, елімізде мамандық пен іс, қызмет түрін еркін таңдап алуға барлық жағдай жасалған. Еңбекқорлық – жеке басыңның табысты болуының және еліміздің берекелі өмірінің факторы. Ұдайы өз-өзіңді дамытып, біліміңді жетілдіріп отыру заман талабы деп білемін. Еңбек тәртібі мен жауапкершілікті сезіне білу жоғары еңбек мәдениетінің ажырамас бөліктері. Сондықтан, әрбір азамат жалқаулық пен жауапсыздық бізге жат қылық екендігін түсіне білсе игі. Жасап жатқан кәсібімізден кішкене ғана болса да тапқан табысымыз еңбегімізді ақтайды. Бұл іспен інім екеуіміз айналысамыз. Көлік жөндеумен қатар пластикалық есік-терезе жасау ісін де қолға алып, дамытып келеміз. Алдағы уақытта үлкен цех ашу, көлік жөндеу орталығын ашу ойымызда бар. Барлығы да уақыттың еншісінде. Қашанда, еңбекпен тапқан нанның тәтті болатыны ақиқат, – дейді кейіпкеріміз.

Халық сұранысымен қатар заман талабына сай қызмет етіп отырған кәсіпкердің ісі көпке өнеге. Несін жасырайық, айдап жүрген темір тұлпары бұзылса болғаны аудан жұртшылығы алдымен қолы шебер, ісіне мығым Айдосты іздейді. Ендеше, екі қолға бір күрек таппай сенделіп жүрген жұмыссыз жастар Айдостай еңбекқор азаматтан үлгі алса дейсің. Сонда ғана қоғамда жұмыссыз жастар саны азая түсетіні сөзсіз.

Гүлмира МАҚСОТҚЫЗЫ

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521