Бүгінгі жаһандану ғасырында, ғаламдық құндылықтарға қауіп төніп отырған сындарлы уақытта жастар тәрбиесі өзектілігін жоғалтпайтын тақырып.
Себебі жастар – әрбір елдің мәдени, рухани және саяси өміріне белсенді атсалысатын әлеуметтік-демографиялық топ. Қоғамдағы өзгерістер мен жетістіктер тікелей жастарға байланысты. Дегенмен қазіргі қоғамда шетелге еліктеу әлі жалғасын тауып келеді. Діні мен танымы мүлде басқа мұсылман емес халықтардың қаңсық болған дағды-ғұрыптарын, теріс қылықтарын қайталап, еліктеушілікке салынудың зардабы зор екені белгілі.
Бұл орайда, жастардың жат ағымға еруіне қоғамнан бөлектенуі және жеке мақсат-мүдденің болмауы себеп болып жатады. Десе де, ақпараттандыру жан-жақты дамыған заманында діни сауаттылықты арттыруға және кез келген салада жеке дамуға мүмкіндік бар. Әрине, бүгінде жат ағымға ермей, ата-бабамыз ұстанған, салт-санамызға сай келген дәстүрлі дінде бой түзеп жүргендердің саны көбеюде. Алайда, мешіт ережесін бұзып, әдепсіздік танытушы жастардың да саны азаймай отыр.
Мәселен, жақында Сағыз ауылындағы «Айша» сауда орны ғимаратында уақытша тұрып жатқан М.Т, ІӘ.Д, және А.Қ есімді азаматтар мешіт қызметкеріне кедергі келтіріп, көпшіліктің наразылығын тудырды. Осыған сәйкес, аталған азаматтарға аудандық ішкі саясат бөлімі арқылы Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 490-бабы 2-бөлігіне сәйкес іс-құжаттары жинақталып, аудандық сотқа жолданды. Аудандық соттың қаулыларымен аталмыш азаматтар кінәлі деп танылып, әкімшілік айыппұл салынды. Әрине бұл, дінге қатысты ақпараттарды тек сенімді ақпарат көзінен алатын жастардың іс-әрекеті емес.
Керісінше, әлеуметтік желілердегі кез келген діни ақпаратты қабылдап, белгісіз уағызшылардың сөзіне сенгендер ғана осылай дін қызметкеріне құрметсіздік көрсетеді. Ата-ананы сыйламау, туыстық қатынастардың үзілуі және танығандармен ғана сәлемдесу секілді теріс қылық танытып жатады.Оның түп тамыры жастың үлкенді сыйламауына әкеліп соғады.
Сондықтан кім-кімнің де теріс ағымның жетегінде кетпегені дұрыс.
Азамат ЖАҚСИЕВ,
аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы