Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Егеменді елдің қайраткері

Құлмағанбет Қодановтың есімі Қызылқоға ауданын былай қойғанда күллі Атырау облысына танымал.

Ол Сағыз өңірінің тумасы. Саналы ғұмырын осы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына арнаған қоғам қайраткері саналады. Құлекең Кеңестік дәуірінде партия органдарында бірталай басшылық қызмет атқарды. Бірден ұйымдастырушылық қабілетімен танылған білімді жас жігіт қылшылдаған 40 жасқа келгенде аудандағы Ленин атындағы шаруашылықтың директорлығына тағайындалды. Оған дейін бұл шаруашылықты талай майталман азаматтар басқарған еді. Құлекең сол ағаларының бай тәжірибесін бойына сіңіріп, санасына тоқыған шеберлігін шаруашылықты басқару ісінде жетілдіре білді.

Шын мәнісінде аталған совхоз аудандағы 8 шаруашылықтың ең ірісі болатын. Онда 5 ферма болды. Наршөккен алқабында қара бидай, арпа, тары сияқты жаздық дақылдар өсіріліп, жыл сайын мол өнім дайындалып жүрді.Көл көсір өнім ауданның бірқатар шаруашылықтарының малына құнарлы азық ретінде пайдаланылды. Осынау ең үлкен шаруашылықтың экономикасын Құлмағанбет те өрге домалатты. Мамандармен, жұмысшылармен бірлесе жұмыс жасап, еңбек өнімділігін арттырудың озық технологияларын өндіріске батыл енгізді. Жұмысшыларға жан-жақты әлеуметтік жағдай туғызуды ұйымдастырды. Қысқасы, шаруашылқтың төрт құбыласын теңестірді. Дүркіреп тұрған шаруашылықтың атағы облысқа жайылды. Еңбек озаттары көптеп марапатталды. Білікті мамандардың бірқатары басшылық қызметке жоғарылатылды. Құлмағанбет - аудандағы 8 шаруашылық директорларының өз мекендерінде қалған екі басшының біреуі.

Екіншісі кейіпкеріміздің тасшағылдық түйедей құрдасы - Оңғар Жанықұлов. Кібіртектетіп қайтеміз, Кеңес Одағы тараған шақта шаруашылықтар жаппай жекешеленді. Сол аласапыран кезеңде кейбір директорлар өздері басқарып отырған шаруашылқтарды апыл-ғұпыл таратып, үдіре көшіп кетті. Ал Құлекең ондай асығыстыққа бармады. Жұмысшыларға тиесілі үлестерін әділ бөлуді ұйымдастырды. Ерекше адалдық танытты. Ешбір еңбекшінің үлестен шет қалмауын қатаң қадағалады. Былайынша айтқанда жекешелену аяқталғанша осы науқанның соңына дейін басы-қасында болуды өзінің азаматтық борышы санады. Шаруашылықтың негізін сақтап, «Сағыз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құруды да Қ.Қодановтың жанашырлығы деп түсінгеніміз абзал.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ұзақ жыл бір совхозды ұйыта еңбек еткен адамдарға тіршілік ету қиынға соқты. Осы кезеңде қиналған еңбеккерлерге бағыт-бағдар сілтеп, барынша қамқорлығын туғызды. Кейбір адамдардың жұмысқа орналасуларына көмектесті. Түйткілді мәселелерді аудан басшыларына жеткізіп, оң шешімін табу үшін батыл күресті. Әлсіз жандарға қамқорлық жасауды ұмытпады. Рас, шағын серіктестіктің мұқтаж жандарға толық жәрдем беруі мүмкін еместігін өзгелер де ұғынды. Содан болар, совхоз жұмысшыларының бірқатары өндіріске бет бұрды, жеке шаруа қожалықтарына бірікті. Бұл жұмысшыларға да Құлмағанбет ұйытқы болғанын ауылдастары әлі күнге ризашылықпен әңгімелейді. Ауылдың ардақты азаматына айналған Құлмағанбет бірнеше рет ауданның мәслихат депутатына сайланды. Халық қалаулысы ретінде сайлаушылардың аманаттарын орындауда ерекше белсенділік танытқандардың бірегейі осы-Құлмағанбет.

Сессияларда өткір мәселелерді қайта-қайта көтеріп, оның орындалуы үшін табандылықпен күрескені әлі жадымызда. Облыстық ресми жиналыстарда да ол мінбеге көтеріліп Сағыздың ғана емес ауданның проблемаларын ашық айтқанын ешкім ұмыта қоймаған шығар. Құлекең қазір де Сағыз өңірінің аузы дуалы ақсақалы. Жерлестерінің мұң-мұқтажын атқарушы органдарға жеткізуден шаршаған емес. Жағдайы төмен отбасыларға демеушілік көрсетуден жалықпай келеді. Жас кадрларға ақыл-кеңес айтуды өзінің парызы санайды, оларға өзінің бай тәжірибесін айтумен қоса халықпен жұмыс жасаудың тың әдістерін көрсетуге белсене араласады. Кішіпейіл, сөзге шебер, артық ауыз әңгімеден алшақ жүретін абзал азаматты жас кадрлар да құрметтеп сыйлайды, ақыл-кеңестеріне құлақ түреді. Өмір жолы ауыр. Құлмағанбетке 70 жасын атап өтудің сәті түспеді. Жан жары сол заматта жарық дүниемен қоштасып, басына ауыртпалық түсті. Әрине, ер тұлғалы азамат дегенмен сүйікті қосағынан айырылу оңайға соқпады. Егде тартқан шағында қамшының сабы сыну кімге оңай дейсің?! Құлекең де қиналды, бірақ сабырлық сақтауды есінен шығармады, ұрпақтарына үміт артты, дос-жарандарына арқа сүйеді. Уақыт емші дегенмен Құлекең әлі жан жары есіне түссе күрсінеді. Әйтсе де, сүйікті кәсібінен қол үзген жоқ. Сағыз ауылында жеке шаруашылығын дамытып, ата кәсіпті жалғастыруда.

-Біздің Құлекең қарттықты мойындамайтын қайсар азамат! Әлі күнге оны жас жігіт санаймыз. Қайратты, ізденімпаз, шаруасына мығым, нағыз реформатор,-дейді құрдасы Оңғар Жанықұлов. Айтса айтқандай, Оңғардың сөзінің жан бар. Құлмағанбет Қоданов шаршамайтын, үнемі тың табыстарға жетуді көздеп жүретін еңбекқор жан. Әсіресе, халықтың үніне құлақ түріп, олардың ойларын сараптап, жоғарыға жеткізуге ұйытқы болатын белсенділігі айрықша сүйсінтеді. Құлмағанбеттің бала-шағасы Тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген, білімдар, жаңа қоғамның дамуында лайықты қолтаңба қалдырып жүрген саналы ұрпақтар. Мұның өзі саналы да сапалы тәрбиенің нақты нәтижесі. Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесі қарсаңында 75 жасқа толған Құлмағанбет Қодановтың алар асуы әлі алда. Осындай өнегелі қайраткерді кейінгі ұрпаққа үлгі етудің де кезі келгенін баса айтқанымыз дұрыс. Ауданның көркеюіне өшпес із қалдырған ақиық азамат Қ.Қоданов туралы ұзақ жазуға болатыны даусыз шындық. Дегенмен, біз оның толағай табыстарын тізбектемей адами қасиеттерін қысқаша ғана қағазға түсірдік. Егеменді елдің Құлмағанбеттей нарқасқа азаматтарын әрдайым мақтаныш еткенге не жетсін?!

Ж.ЖАНҚУАТ

Ардагер журналист

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT